Sports.kz хабарлауынша, астаналық «Барыс» 15 қарашада өз алаңында Континенттік хоккей лигасының (КХЛ) Шығыс конференциясындағы көшбасшы – магнитогорлық «Металлургты» 5:4 есебімен жеңді. Қазақстан клубының үш шайбасын америкалық шабуылшы Джастин Бэйли соқты.
Қонақтар алтыншы минутта алға шықты: 19 жастағы қорғаушы Антон Рубин КХЛ-дағы алғашқы шайбасын соқты. 15-минутта Бэйли есепті теңестірді, ал 37 секундтан кейін Чейз Приски «Барыстың» матчтағы алғашқы сан жағынан басымдығын пайдаланды. Екінші кезеңнің басында Бэйли қақпашымен бетпе-бет шығып, есепті 3:1-ге жеткізді, осыдан кейін «Металлург» қақпашысы Егор Заврагиннің орнына Александр Смолин шықты. Игорь Нечаев бір шайбаны қайтарды, бірақ 38-минутта Бэйли хет-трик жасады – 4:2. Үшінші кезеңде Нэйтан Тодд айырманы тағы қысқартты, Кирилл Савицкий соңғы сиренаға 1:49 қалғанда бос қақпаға шайба кіргізді, ал Даниил Вовченко 39 секундтан кейін соңғы есепті белгіледі. «Барыстың» қақпасын 60 минут бойы Андрей Шутов қорғады.
Үшінші кезеңнің басында «Барыстың» шабуылшысы Бейбарыс Оразов пен «Металлургтың» қорғаушысы Александр Сиряцкий төбелесіп қалды. КХЛ-дың ресми сайты жазғандай, оған Сиряцкийдің Бэйлиге жасаған күш тәсілі себеп болған. Матч барысында «Барыс» барлығы 20 айыппұл минутын, қарсыласы 11 минут алды.
Бэйли – тұрақты чемпионаттың үздік мергені: оның есебінде 16 шайба бар. Екінші орында 13 шайба соққан ЦСКА шабуылшысы Максим Соркин тұр, Тодд пен «Шанхайские Драконы» клубының ойыншысы Дмитрий Яшкин 12 шайбадан соқты. «Барыс» 26 матчта 29 ұпай жинап, Шығыста бесінші орында тұр, ал «Металлург» 27 ойында 39 ұпаймен конференция көшбасшысы болып қала береді. Астаналықтарды алда екі сапар ойыны күтіп тұр: 18 қарашада Уфада «Салават Юлаевпен», 20 қарашада Омбыда «Авангардпен» кездеседі.
Бұл – «Барыстың» өз алаңындағы қатарынан екінші жеңісі: үш күн бұрын Михаил Кравецтің командасы «Адмиралды» жеңіп, жеңілістер сериясын үзді. Сонымен қатар астаналықтар қыркүйекте Магнитогорскіде 0:3 есебімен жеңілгені үшін «Металлургтан» есе қайтарды. Клуб жақында 2028 жылға дейін келісімшарт жасасқан қақпашы Никита Николаев бұл жолы қосалқыда қалды.



