Мазмұнға өту

Алматыда Қазақстандағы тұңғыш алтын аю мүсіншесі табылды

Ерте заманда тоналған обадан жеті адамның сүйегі болуы мүмкін қалдықтар да шықты, бұл мұндай көлемдегі оба үшін сирек жағдай.

Раскопки сакского кургана в Наурызбайском районе Алматы

Алматыда археологтар сақ дәуіріне жататын алтын аю мүсіншесін тапты. Мұндай олжа Қазақстанда алғаш рет табылып отыр. Мүсінше Наурызбай ауданындағы Қарағайлы қорымында ерте темір дәуірінің обасын апаттық қазу кезінде шықты, деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі. Қазба жұмыстарын 2026 жылы «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК жүргізді.

Алдын ала болжам бойынша, шағын құйма мүсінше бас киімнің әшекейі болған: пластинадағы тесіктер оның бөрікке тігілгенін көрсетеді. «Аю бейнесіндегі алтын мүсінше – Қазақстан үшін бірегей жәдігер», – деді бірлестік директоры Ләззат Сағындықова. Оның айтуынша, бұл олжа Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланысты аңғартады.

Диаметрі 25–26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр обаны мамандар алдын ала б.з.б. IV–III ғасырларға жатқызып отыр. Оба ерте заманда тоналған: тонаушылардан 3 метрлік шұңқыр қалған, заттардың көбі шашылып кеткен. Алтын әшекейден бөлек, обадан сақ қыш ыдыстарының сынықтары мен адам сүйектері табылды. Бұл төрт ересек пен үш баланың сүйегі болуы мүмкін.

Бірлестіктің аға ғылыми қызметкері Марат Нұрпейісовтің айтуынша, мұндай көлемдегі бір обада осынша адамның жерленуі Қазақстан үшін сирек кездеседі: әдетте мұндай обаларға бір-екі адам жерленген. Жерленгендердің нақты санын антропологтар қатысатын қосымша талдаулардан кейін анықтайды. Ең құнды жәдігерлерді зерттеп болған соң Алматы музейінде көрсету жоспарланған.

Сақтардың бас киіміндегі жануар бейнелі алтын әшекейлер бұрын да табылған: «Алтын адамның» бас киімінде арқар бейнелі төбелік болған, ал 2014 жылы Көк-Қайнар қорымынан ілбіс мүсіні шыққан. Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылы арнайы лицензия алып, содан бері қазба жүргізіп келеді. Сол жылы Алатау ауданынан тоналмаған сақ жауынгерінің жерлеу орны табылып, одан алтынмен безендірілген семсер сынықтары шыққан.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз