Мазмұнға өту

NVIDIA қазақстандық ЖИ-стартап Higgsfield-ке инвестиция салды

Салым көлемі жария етілген жоқ, бірақ компания дерегінше, сервистің 40 миллионнан астам пайдаланушысы бар, ал оның жылдық табысы қыркүйекте 1 млрд доллардан асқан.

Сооснователь Higgsfield Ерзат Дулат и глава NVIDIA Дженсен Хуанг в Астане
Ерзат Дулат и Дженсен Хуанг. Фото: Higgsfield

Американдық чип өндірушісі NVIDIA жасанды интеллект арқылы бейне мен сурет жасайтын сервисті дамытып отырған Higgsfield стартапына қаржы салды. Компанияның тамыры Қазақстанмен байланысты. Инвестицияны NVIDIA-ның негізін қалаушы әрі басшысы Дженсен Хуанг 2026 жылғы 23 қазанда Қазақстанға алғашқы сапары кезінде растады. Higgsfield өз кезегінде NVIDIA мен TCV инвестициялық қоры компанияның B сериясындағы раундын кеңейтуге қатысқанын хабарлады.

Тараптар салым көлемін де, компанияның жаңа бағасын да айтқан жоқ. Кеңейтілген раунд тамыз айындағы мәміленің жалғасы болып отыр. Сол кезде Higgsfield DST Global қорының бастауымен 400 млн доллар тартқан, компанияның құны 5,4 млрд долларға бағаланған. Ол раундқа Goldman Sachs Alternatives, Tribe Capital, Smash Capital және Valor Capital қорлары да қатысты. Компанияның айтуынша, жаңа қаражат өнімді дамытуға, есептеу инфрақұрылымына, жаңа қызметкерлер жалдауға және жаңа нарықтарға шығуға жұмсалады.

Higgsfield негізін қалаушылардың бірі Ерзат Дулат пен NVIDIA басшысы Дженсен Хуанг Астанада
Ерзат Дулат пен Дженсен Хуанг. Фото: Higgsfield

Higgsfield – мәтіндік сипаттама немесе бастапқы кадр бойынша бейнеролик пен сурет жасайтын платформа. Оны брендтер, жарнама агенттіктері, студиялар мен блогерлер пайдаланады. Мысалы, бір жарнамалық идеядан түрлі елдер мен әлеуметтік желілерге арналған ондаған нұсқа жасауға болады. Компания дерегінше, сервистің 238 ел мен аумақта 40 миллионнан астам пайдаланушысы бар. Ал жылдық табысы іске қосылғаннан кейін 18 ай өткенде, яғни қыркүйекте 1 млрд доллардан асқан. Ең ірі нарығы – АҚШ.

Хуанг салым туралы Астанадағы alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен ашық сұхбат кезінде айтты. «Ең бірінші және ең соңғы қағида – компанияға емес, адамдарға инвестиция салу», – деді NVIDIA басшысы. Ол стартаптың негізін қалаушыларды көреген жандар деп атады. Хуанның сөзінше, Higgsfield сервистері жасайтын бейненің сапасы бір жылда айтарлықтай жақсарған. Мәдиев компания қызметкерлерінің орташа жасы 25-те екенін айтты.

Higgsfield бұрын да NVIDIA жабдығында жұмыс істеген. Компания L40 және A40 бейнекарталарынан бастап Hopper мен Blackwell үдеткіштеріне дейін қолданған, енді жаңа буын – Vera Rubin-ге көшіп жатыр. Blackwell Ultra чиптерінде компания 15 минуттық «Kök Börü» анимациялық фильмін жасап, жобаны тегін курс ретінде ашық қолжетімділікке шығарды.

Стартаптың негізін компанияның техникалық директоры, қазақстандық инженер Ерзат Дулат, бұрын Snap компаниясында генеративтік ЖИ бағытын басқарған Алекс Машрабов және Махи де Силва қалаған. Қазір Higgsfield-ті Машрабов басқарады. Компанияның бас кеңсесі Сан-Францискода орналасқан, ал Қазақстанмен байланысын Astana Hub арқылы сақтап отыр. 2025 жылғы қыркүйекте Higgsfield Қазақстандағы алғашқы «мүйізтұмсыққа» айналды. Құны 1 млрд доллардан асатын стартаптар осылай аталады.

Хуанның сапары кезінде қазақстандық тарап NVIDIA-ға физикалық ЖИ хабын ашуды ұсынды. Сонымен қатар NVIDIA-ның серіктесі Firebird компаниясы Екібастұздағы деректер орталықтары кластеріне 45 мың чип әкелуге АҚШ лицензиясын алды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз