Алматының Әуезов ауданында Жұбанов көшесінің Өтеген батыр көшесінен Сайын көшесіне дейінгі бөлігін абаттандыру жұмыстары аяқталды. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, 8,38 гектар аумақ жаңартылды, бұл шамамен 5 200 тұрғынды қамтиды.
Жұмыстың басым бөлігі көгалдандыруға тиесілі. Мұнда 464 ағаш пен 21 757 сәндік бұта отырғызылып, 6 095 шаршы метр гүлзар мен 25 717 шаршы метр көгал жасалды. Аумағы 31 812 шаршы метр болатын бүкіл жасыл аймаққа суару жүйесі тартылды.
Жаяу жүргіншілерге арнап 11 495 шаршы метр тротуар тақтайшасы, 4 329,6 шаршы метр асфальт және 1 968 шаршы метр резеңке жабын төселді. Көше бойында 35 демалыс аймағы, 11 балалар ойын кешені, 16 спорт тренажері мен 9 әткеншек, сондай-ақ орындықтар мен қоқыс жәшіктері пайда болды. Кешке жүруге ыңғайлы болу үшін жаяу жүргіншілер жолдары жарықтандырылды.
Көшеге үш мүсін де орнатылды. Оларды мүсіншілер А. Орманбеков, Қ. Асылбай, Т. Ермұхаметов және С. Нұрушев жасады:
- «Үлкенге құрмет» – ұрпақтар сабақтастығы мен үлкенге деген құрметті бейнелейді;
- «Әуен» – композитор Ахмет Жұбановқа арналған, онда домбыра мен шаңқобыз бейнелері ұштасқан;
- «Кең дала» – даланың кеңдігі мен еркіндігін бейнелейтін үш жылқы.
Әуезов ауданының әкімдігі көшенің бұл бөлігін жаңарту жоспары туралы көктемде айтқан еді. Сол кезде Жұбанов көшесіндегі жұмыстарды 2026 жылдың жазына дейін аяқтау көзделген.



