Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Алматыда көк ірің таяқшасы табылған үйдің суы қайта тексеріледі

«Алматы Су» көк ірің таяқшасы ауыз судың нормаланатын көрсеткіштеріне кірмейтінін, ал тұрғынның хаттамаларында талдау әдістемесі көрсетілмегенін айтады.

Вода из-под крана
Фото: pexels.com

Алматыда «Алматы Су» санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірге Әуезов көшесіндегі 64/4 үйден су сынамасын қайта алады. Бұл үйдің тұрғыны крандағы судан көк ірің таяқшасын тапқан. Сынама тарату желісінен, суы үйге кіретін тұстан және үй ішіндегі крандардан алынады. Оны дәл осы бактерияны анықтауға аккредиттелген зертхана тексереді.

Бұл туралы Қазақстан баспасөз клубында өткен баспасөз мәслихатында Ұлттық тұтынушылар лигасының басшысы Светлана Романовская айтты. Оның сөзінше, тұрғын үйіне су сүзгісін орнатып, сынаманы аккредиттелген зертханаға тапсырған. Бактерия крандағы қарапайым судан да, сүзгіден өткен сілтілі судан да табылған. Кейін Лиганың шақыруымен қалалық су арнасы сынама алып, көк ірің таяқшасын таппаған. Алайда Романовскаяның пікірінше, кәсіпорынның мұндай талдауға аккредиттеуі де, маманы да, әдістемесі де жоқ. «Өйткені олар бұл суды ешқашан тексермеген», – деді ол.

«Алматы Су» өндірістік бақылау деректері бойынша қалалық желідегі су қауіпсіздік талаптарына сай екенін хабарлады. Әуезов көшесіндегі үй тұрғынының өтініші бойынша судың физикалық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштері тексерілген, нормадан ауытқу табылмаған. Компания тұрғын әкелген хаттамаларда бактерияның қандай әдістемемен ізделгені көрсетілмегенін айтады. Оның үстіне көк ірің таяқшасы ауыз су үшін нормаланатын көрсеткіштер тізіміне кірмейді. Сондықтан «Алматы Су» желідегі су нормаға сай емес деп айтуға әзірге дерек аз деп санайды.

Романовская енді көк ірің таяқшасын ауыз суды міндетті тексеру тізіміне енгізуге қол жеткізбек. Әуезов көшесіндегі жаңа талдаудың нәтижесі қашан шығатынын «Алматы Су» нақтыламады.

Соңғы күндері Алматыда суға қатысты шағым бұл ғана емес. Наурызбай ауданындағы «Нұрлы Дала» тұрғын үй кешенінде тұрғын әйел крандан қоңыр су аққан бейнені жариялағаннан кейін ыстық су тексеріледі, магистральдық желілер жуылады. Су мәселесі бойынша қаланың 109 нөмірлі бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз