Америкалық Firebird компаниясы Қазақстанға NVIDIA Grace Blackwell графикалық процессорларының 45 мыңын жеткізуге АҚШ-тың экспорттық лицензиясын алды. Бұл — нейрожелілерді оқытуға және іске қосуға арналған чиптер. Бұл туралы NVIDIA компанияның негізін қалаушы Дженсен Хуангтың 23 қазанда Астанаға алғашқы сапарының қорытындысы бойынша өз блогында хабарлады. Сапар кезінде Firebird Қазақстан үкіметімен инвестициялық келісімге қол қойды, ал NVIDIA қазақстандық Higgsfield AI стартапына инвестиция салатынын жариялады.
Лицензия қажет, өйткені АҚШ ең қуатты ЖИ чиптерін басқа елдерге шығаруды шектейді. Firebird процессорларды Екібастұз маңындағы Data Center Valley деректер орталықтары кластеріне орналастырады. Кластердің бірінші кезегін компания «Қазақтелекоммен» бірге салып жатыр. Бірінші кезекті коммерциялық іске қосу 2027 жылдың үшінші тоқсанына жоспарланған. Екінші кезек салынса, алаңның жалпы қуаты шамамен 500 мегаваттқа жетуі мүмкін. Сонымен қатар Firebird Firebird Labs Kazakhstan зертханасын ашпақ. Зертхана жергілікті ЖИ стартаптарына, зерттеушілер мен мамандарға қолдау көрсетеді, оның ішінде есептеу қуатына қол жеткізуге көмектеседі.
«180 күн бұрын жай ғана идея болған нәрсе Қазақстандағы жасанды интеллекттің болашағына салынған ірі инвестицияға айналды», — деді Firebird компаниясының негізін қалаушылардың бірі әрі бас директоры Размиг Овагимян. Келісімнің сомасын тараптар жария еткен жоқ.
«Қазақтелекомда» да NVIDIA жабдығы бар. NVIDIA мәліметінше, оператор Астана мен Алматыда 400 H200 және 480 B300 үдеткішін орнатып қойған. 2027 жылы Data Center Valley-де тағы мыңнан астам GPU, ал Екібастұз өңірінде жаңа буындағы мыңнан астам Vera Rubin чипін орналастыруды жоспарлап отыр.
Сапардың тағы бір жаңалығы Higgsfield AI-ға қатысты. Бұл — Қазақстанда негізі қаланған, жасанды интеллект көмегімен бейне жасайтын сервисті дамытып отырған стартап. NVIDIA стартапқа инвестиция салатынын хабарлағанымен, сомасын атамады. Хуанг компания негізін қалаушыларды әлемдік нарықта бәсекелесіп жүргені үшін көреген жандар деп атады. Higgsfield өз инфрақұрылымын бұлттық провайдерлердегі Vera Rubin чиптері арқылы кеңейтіп жатыр.
Төменде — Дженсен Хуангтың Астанада вице-премьер, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевпен өткізген ашық сұхбатының NVIDIA жариялаған жазбасы.
«Болашақта сіздер энергияны жай ғана экспорттамай, оны интеллектке айналдырып, интеллектті экспорттай аласыздар», — деді Хуанг. Мәдиев Қазақстанға қазақ тілін түсінетін және мәдени контексті ескеретін жасанды интеллект керек екенін айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев NVIDIA басшысын Ақордада қабылдап, оған І дәрежелі «Достық» орденін табыс етті.
Осы сапар барысында Қазақстан NVIDIA-ға Орталық Азияда физикалық ЖИ хабын ашуды ұсынды. Firebird Қазақстанға Армениядағы алғашқы ЖИ фабрикасын іске қосқаннан кейін келді. Data Center Valley қуаты 1 гигаваттқа дейін жетуге есептелген, ал ондағы 50 МВт-тық алғашқы деректер орталығын 2027 жылы іске қосу жоспарланған.



