Мазмұнға өту

Қорғаныс министрлігі әскери реформаны бастады: мерзімді қызмет өзгереді

Жаңа үлгі бойынша сарбаздар алғашқы жарты жылын оқу орталықтарында өткізеді, ал оны сынақ ретінде енгізу 2027 жылға жоспарланған.

Военнослужащие Вооружённых сил Казахстана

Қазақстан Қорғаныс министрлігі әскери реформа жоспарын жүзеге асыруға кірісті. Жоспарды 21 қазанда Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы мақұлдаған еді. Өзгерістер армияның құрылымына, әскерді басқаруға, сарбаздарды даярлауға және қызмет жағдайына қатысты. Әскерге шақырылатын жастар үшін ең маңыздысы – мерзімді әскери қызмет екі кезеңнен тұратын болады. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Жаңа үлгі бойынша сарбаз алғашқы алты айын оқу орталығында өткізеді. Онда бейімделу, әскери білімнің негіздері, дене шынықтыру мен тіл үйрену, жасанды интеллектімен жұмыс істеу дағдылары және азаматтық мамандықтарды меңгеру қарастырылған. Келесі жарты жылда сарбаз әскери бөлімде қызмет етеді. Бұл тәсілдің кейбір элементтері «Сарбаз+» жобасында сыналып көрген. Үлгіні сынақ ретінде енгізу 2027 жылға жоспарланып отыр.

Әскери қызметшілердің құқығын қорғау үшін бөлім командирлеріне бағынбайтын тәуелсіз әскери кеңесшілер енгізіледі. Министрлік сонымен қатар тамақ пен киім-кешек сапасын арттыруға, казармаларды, оқу нысандары мен полигондарды жөндеуге уәде беріп отыр.

Реформа армияның өзін де өзгертеді. Қарулы Күштердің құрылымы, қорғаныс жоспарлауы, жұмылдыру даярлығы және резерв жасақтау тәртібі қайта қаралады. Басты назар отандық қорғаныс өнеркәсібіне, оның ішінде дрондарға қарсы құралдар шығаруға, сондай-ақ цифрлық құралдар мен жасанды интеллектіге аударылады. Жаттығулардың бір бөлігі тренажерлерге көшеді: бұл даярлықты нақты ұрысқа жақындатып, шығынды азайтуға тиіс.

2027 жылдан бастап елде «Жас айбын» біртұтас әскери-патриоттық тәрбие жүйесі жұмыс істейді. Ол «Жас Қыран», «Жас Ұлан» және «Жас Сарбаз» сатыларын біріктіреді. Мектептерде қауіпсіздік негіздері, алғашқы медициналық көмек көрсету және төтенше жағдайда әрекет ету сабақтары қосылады.

Ұйымдастыру шараларын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделген, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер орта мерзімде жүзеге асады. Жоспар бекітілген Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Пилотсыз әскерлер мен әскери қызметшілердің істері жөніндегі уәкіл институтын құру туралы да айтылды. Мемлекет басшысы сол кезде жартылай шешімдер қажетті нәтиже бермейтінін атап өткен.

Президент реформаны 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында өткен оқу-жаттығудағы қайғылы оқиғадан кейін әзірлеуді тапсырды. Сол күні Каспий теңізінде 14 әскери қызметші қаза тапты. Елде жалпыұлттық аза тұту жарияланып, қорғаныс ведомствосында кадрлық ауыс-түйіс басталды. Қорғаныс министрі болып Айдос Мырзахметов тағайындалды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз