Мазмұнға өту

Сұлтанғали мен Құрбаев әлем чемпионатының финалына шыға алмады

Қазақстандық екі балуан да 25 қазанда үй төрінде өтіп жатқан әлем чемпионатының қола медалі үшін күреседі.

Айдос Султангали в полуфинальной схватке чемпионата мира по греко-римской борьбе в Астане

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының балуандары Айдос Сұлтанғали мен Исхар Құрбаев 24 қазанда Астанадағы әлем чемпионатының жартылай финалында жеңіліп, финалға жолдама ала алмады. Екеуі де қола медаль үшін белдеседі. Үшінші орын үшін бәсекелер 25 қазанда өтеді.

60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атағын қорғап жүрген Сұлтанғали жапон балуаны Кото Гомиге 1:5 есебімен ұтылды. Финалда Гоми ирандық Абдулла Вафамен кездеседі.

55 келіге дейінгі салмақта күрескен Құрбаев ирандық Пайам Ахмадиден 1:7 есебімен жеңілді. Алтын медаль үшін Ахмади әзербайжандық Элдениз Азизлимен белдеседі.

Жартылай финалға дейінгі жолда екі қазақстандық та атақты қарсыластарды жеңді. Сұлтанғали 1/8 финалда ресейлік Анвар Аллахьяровтан 0:3 есебімен қалып барып, 4:3 есебімен жеңіске жетті, ал ширек финалда әзербайжандық Мурад Мамедовты 4:1 есебімен ұтты. Құрбаев Азияның қазіргі чемпионы өзбекстандық Ихтиёр Ботировты және 2024 жылғы Еуропа чемпионы молдовалық Артём Делянуды жолынан тайдырды.

Сұлтанғали бір жыл бұрын, 2025 жылғы қыркүйекте Загребте әлем чемпионы атанған. Бұл Қазақстанның XXI ғасырда грек-рим күресінен әлем чемпионаттарында алған алғашқы алтыны болды. Астанадағы чемпионат 1 қарашаға дейін жалғасады: классикалық күрес балуандарынан кейін кілемге әйелдер мен еркін күрес өкілдері шығады. Үй төріндегі чемпионатқа барған Қазақстан құрамасының сапында еркін күрестен әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан мен Нұрқожа Қайпанов та бар.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз