Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Қырғызстан: Садыр Жапаров президент сайлауына түсуге өтініш берді

Жапаров жеңіске жетсе, бұл бес жылдық мерзім ол үшін екінші әрі Конституция бойынша соңғы мерзім болады.

Президент Кыргызстана Садыр Жапаров
Фото: ЦИК Кыргызстана

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров 10 қарашада мемлекет басшысы сайлауына кандидатурасын ұсыну туралы Орталық сайлау комиссиясына (ОСК) өтініш тапсырды. ОСК хабарлағандай, ол сайлауға өзін-өзі ұсыну тәртібімен қатысады. Дауыс беру 2027 жылғы 27 қаңтарға белгіленген.

Жапаров мұндай өтініш берген алтыншы адам болды. Одан бұрын Аймен Касенов, Азамат Эсенбеков, Сыймык Жапыкеев, Акай Кыдыров және Исхак Масалиев өтініш берген. Кандидат ұсыну 13 қарашаға дейін жалғасады.

Өтініш беру адамды бірден кандидат етпейді. Бюллетеньге ену үшін 8 желтоқсанға дейін кемінде 30 мың сайлаушының қолын тапсыру керек. Қолдар «Түндүк» жүйесі арқылы электронды түрде жиналады. Сонымен қатар мемлекеттік тілді білетіні туралы сертификат және 1 млн сом, яғни шамамен 5,2 млн теңге сайлау жарнасы қажет. ОСК тіркеуге арналған құжаттарды 13 желтоқсанға дейін қабылдайды, ал тіркеуді 23 желтоқсаннан кешіктірмей аяқтайды. Үгіт-насихат сол күннен басталып, 26 қаңтар күні сағат 08:00-ге дейін жүреді.

Жапаров алғаш рет 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен кезектен тыс сайлауда президент болып, сол кезде 79,2% дауыс жинаған. Ол бұрынғы Конституция бойынша алты жылға сайланды. 2021 жылғы Конституция президенттік мерзімді бес жылға дейін қысқартып, бұл лауазымды екі мерзімнен артық атқаруға тыйым салды. Конституциялық сот қазіргі алты жылдық мерзімді бірінші мерзім деп таныды, сондықтан Жапаров енді екінші мерзімге үміткер. Екінші мерзімге түсетінін ол тамызда-ақ айтқан. 6 желтоқсанда оған 58 жас толады.

Сайлау Қазақстанда тұрып, жұмыс істеп жүрген Қырғызстан азаматтарына да қатысты. Биометриялық тіркеуден өткендер шетелдегі учаскелерде алдын ала өтініш бермей-ақ дауыс бере алады. Сайлаушылардың алдын ала тізіміне шамамен 4,47 млн адам енді, өзін «Тизме» порталынан тексеруге болады. Қырғызстанда дауыс беру өтетін 27 қаңтар, сәрсенбі, демалыс күні болады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз