Мазмұнға өту
2026 жылғы 10 қараша, сейсенбі

Алматының кіреберістерінде жүк көліктерін өлшейтін аркалар қойылады

Бетон арканың алдындағы және артындағы 100 метрге төселеді, ал бекеттер жүк көліктерінің салмағы мен габаритін тәулік бойы тексереді.

Замена асфальта на бетон на въезде в Алматы
Фото: управление развития дорожной инфраструктуры Алматы

Алматыға кіретін жолдарда жүк көліктерін жүріс үстінде өлшеп, габаритін анықтайтын автоматты бекеттер орнатылып жатыр. Алғашқы жұмыс Құлжа тас жолында басталды: жолдың үстіне датчиктері бар арка құрастырылып, оның айналасындағы асфальт бетонға ауыстырылуда. Алматы қаласының Жол инфрақұрылымын дамыту басқармасының хабарлауынша, ауа райы мүмкіндік берсе, жабынды ауыстыру қараша айының соңына дейін аяқталады.

Бекеттер тәулік бойы, адамның қатысуынсыз жұмыс істейді. Аркадағы датчиктер көліктің габаритін, ал жол жабынына орнатылған датчиктер осьтер санын, дөңгелектердің жалқы не қос екенін, жалпы салмақты және әр оське түсетін жүктемені тіркейді. Мұндай бекеттерді қалаға кіреберістерде, ең алдымен жүк көлігі көп жүретін жерлерде орнату жоспарланған.

Бетон арканың алдындағы 100 метр мен одан кейінгі 100 метр учаскеге төселеді. Басқарманың көше-жол желісін дамыту бөлімінің басшысы Олжас Ахметовтың айтуынша, бетон бекеттен өтіп бара жатқан көліктерді тұрақтандыру үшін қажет. «Бетон жабын жүктемеден пайда болатын деформацияға әлдеқайда төзімді», – деп түсіндірді ол.

Басқарма Құлжа тас жолындағы жұмыстың бейнесін Instagram-да жариялады:

Instagram-дағы жарияланымды қарау

Кіреберістерде барлығы қанша бекет пайда болатынын және оған қанша қаражат жұмсалатынын басқарма нақтыламады. Мұндай бекеттер республикалық трассаларда бұрыннан жұмыс істеп тұр: «ҚазАвтоЖол» дерегінше, олар 2026 жылдың сегіз айында артық жүкпен жүрудің 870 мыңға жуық ықтимал фактісін тіркеген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз