Қазақстандық режиссер Айсұлтан Сейітов оңтүстіккореялық LNGSHOT тобына бейнебаян түсірді. Bananas әнінің бейнебаяны 10 қарашада YouTube-та жарияланды. Bananas — топтың сол күні шыққан S.W.I.S.H. атты екінші мини-альбомының басты әні.
Бейнебаянның ұзақтығы үш минутқа жетпейді. The Steppe басылымының жазуынша, оның көркемдік шешімі ескі мектептің k-pop стилін және BIGBANG тобының эстетикасын еске салады, ал әннің өзі Фаррелл Уильямс продюсерлік еткен Гвен Стефанидің Hollaback Girl хитіне меңзейді.
Бейнебаянды ambience продакшн компаниясы түсірді. Оператор әрі колорист — Ечан Шин, кеңістік дизайнын Минкю Чон жасады. Бейнебаянды Константин Сыромятников пен Қайсар Әділхан монтаждады, визуалды эффектілерді де Қайсар Әділхан жасады.
LNGSHOT — Bananas бейнебаяны:
LNGSHOT — кореялық тектес америкалық рэпер Джей Пак негізін қалаған More Vision лейблінің төрт адамнан тұратын тобы. Топ 2026 жылғы қаңтарда SHOT CALLERS мини-альбомымен дебют жасады, ал S.W.I.S.H. — одан кейінгі алғашқы ірі релизі.
Сейітов шетелдік жұлдыздармен бұрын да жұмыс істеген. Қазан айында ол A$AP Rocky-дің Shroom Clouds әніне түсірілген бейнебаянның режиссерлерінің бірі болды және Instagram-да рэпердің домбыра ұстаған суретін жариялады. Режиссердің 21 Savage пен J. Cole-ға түсірген A Lot бейнебаянын Rolling Stone журналы үздік 150 хип-хоп бейнебаянның қатарына енгізді. Ал алғашқы толықметражды «Қаш» фильмі үшін Сейітов 2023 жылы Шанхай халықаралық кинофестивалінде үздік режиссер жүлдесін алды.



