Алматының Түрксіб ауданындағы Жас Қанат шағынауданында бос жатқан жердің орнына серуен жолдары, жасыл аймақтары және скейтбординг алаңы бар сквер салынды. Алматы қаласы әкімдігінің хабарлауынша, ол «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша жасалды. Әкімдіктің айтуынша, жаңа орын шағынаудан тұрғындарының серуендеуіне, демалуына және спортпен шұғылдануына арналған.
Аумақтың 20 мың шаршы метрден астамы көгалдандырылып, автоматты суару жүйесіне қосылды. Жолдарға 6 мыңға жуық шаршы метр тротуар тақтайшасы төселді, бір бөлігі асфальтталып, енді бір бөлігіне резеңке жабын салынды.
Кешкісін сквер жарық болады: мұнда 53 жарық тірегі мен сәндік жарықтандыру орнатылды. Демалушыларға орындықтар, қоқыс жәшіктері, шағын сәулет нысандары және перголасы бар жеке аймақ жасалды.

«Халық қатысатын бюджет» – тұрғындар өз ауданын қалай абаттандыру керегін өздері ұсынатын, ал ең көп дауыс жинаған жобаларды кейін аудан әкімдіктері жүзеге асыратын бағдарлама. Жас Қанатта осы бағдарлама бойынша қоғамдық кеңістік бұрын да жасалған: 2025 жылы мұнда перголалары, жарығы және жаңа аялдамасы бар серуен аймағы пайда болды.
Осы күндері әкімдік Әуезов ауданындағы Жұбанов көшесін абаттандыру жұмыстарының аяқталғанын да хабарлады: онда 464 ағаш отырғызылып, үш мүсін қойылды.



