Қырғызстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық комиссиясы (ОСК) 2027 жылғы 27 қаңтарда өтетін президент сайлауына сайлаушылардың алдын ала тізімін жариялады. Тізімге 4 467 040 адам енді. Электрондық нұсқасы «Тизме» порталында жарияланды, ал қағаз тізімдер 18 қарашаға дейін барлық 2 492 сайлау учаскесінде ілінеді.
Тізімді «Кызмат» мемлекеттік мекемесі Халықтың бірыңғай мемлекеттік тізілімі негізінде жасады, сайлауға дейін ол күн сайын жаңартылып отырады. Тізімнен өзіңізді 2027 жылғы 12 қаңтарды қоса алғанда тексеруге болады, қоңырау мен SMS тегін:
- 1255 немесе 119 қысқа нөмірлеріне қоңырау шалып;
- паспорттағы ПИН-ді 119 нөміріне SMS арқылы жіберіп — жауап ретінде учаскенің нөмірі мен мекенжайы келеді;
- tizme.gov.kg порталында немесе өз учаскеңізде;
- деректердегі қате сол порталдағы «Сайлаушы кабинеті» арқылы түзетіледі.
Бұл Қазақстанда тұрып, жұмыс істейтін Қырғызстан азаматтарына да қатысты. ОСК жазда бекіткен тәртіп бойынша кез келген учаскеде, соның ішінде шетелдегі учаскелерде де дауыс беруге болады, алдын ала өтініш берудің қажеті жоқ. Сайлаушыны сайлау күні паспорт, ID-карта немесе «Түндүк» қосымшасындағы цифрлық паспорт және саусақ ізі бойынша анықтайды. Шетелде дауыс беру үшін биометриялық тіркеуден өту керек, ал Қырғызстандағы тіркеу мекенжайы өзекті болуы тиіс. Биометриядан өтпегендерге ОСК мұны Халыққа қызмет көрсету орталығында жасауға кеңес береді.
Кандидаттарды ұсыну осы аптада аяқталады: ОСК өтініштерді 12 қараша күні сағат 24:00-ге дейін қабылдайды. 6 қарашаға қарай өзін-өзі ұсыну туралы бес адам өтініш берді: Аймен Қасенов, Азамат Есенбеков, Сыймық Жапыкеев, Ақай Қыдыров және Исхақ Масалиев. Өтініш берген адам бірден кандидат болмайды: тіркелу үшін 8 желтоқсанға дейін тапсырылатын кемінде 30 мың қолтаңба, қырғыз тілін «орташадан жоғары» деңгейде білу және 1 млн сом, яғни шамамен 5,2 млн теңге сайлау жарнасы керек. ОСК тіркеуді 23 желтоқсаннан кешіктірмей аяқтайды, үгіт-насихат сол күннен басталады.
Қазіргі президент Садыр Жапаров тамызда екінші мерзімге сайлауға түсетінін мәлімдеді. Дауыс беру жұмыс күніне келеді, сондықтан сайлаушылардың белсенділігін арттыру үшін бұл күн ақылы демалыс күні болып белгіленеді. 2025 жылғы қарашадағы мерзімінен бұрын өткен парламент сайлауы алдында ОСК шамамен 4,24 млн сайлаушы бар екенін айтқан.



