Краковтағы Бас базар алаңында болған атысқа күдікті 24 жастағы Михал О. 9 қарашада, дүйсенбі күні таңертең ауруханада қайтыс болды. Малопольша воеводствосы полициясының хабарлауынша, оның өлімі жергілікті уақытпен сағат 04:30-да (Астана уақытымен 08:30-да) тіркелді, мұны Польша Ішкі істер министрлігі де растады. Ер адам шабуыл болған күні полициямен атыс кезінде жараланған еді.
Ұлттық прокуратураның өкілі Эрик Стаселяк күдіктінің өлімі прокурорлардың жұмысына әсер етпейтінін мәлімдеді. Тергеу шабуылдың себебін, сондай-ақ ықтимал байланыстары мен сыбайластарын анықтауды жалғастырады. Краковта қаза тапқан алты адамның және Островец-Свентокшискиде көз жұмған үш адамның сот-медициналық сараптамасы дүйсенбіге белгіленді.
Әділет министрі Вальдемар Журек себептер туралы айтуға әлі ерте екенін, бірақ тергеудің қолында «белгілі бір дәлелдер бар» екенін айтты. Оның сөзінше, шабуылдаушы, сірә, жалғыз әрекет еткен. Тергеушілер оның қандай да бір ұйыммен не адамдармен байланысы болған-болмағанын анықтау үшін телефоны мен интернеттегі байланыстарын тексереді. Михал О.-ның спорттық қаруға рұқсаты болған, ол бұрын сотталмаған. RMF FM хабарлауынша, оның Островецтегі пәтерінен жеті атыс қаруы табылды.
Атыс 7 қарашада, сенбі күні сағат 15:00 шамасында болды. Алты адам – төрт әйел мен екі ер адам қаза тауып, ондан астам адам жараланды. Кейін күдіктінің пәтерінен оның 53 жастағы әкесінің, 52 жастағы анасының және 21 жастағы қарындасының мәйіті табылды. Прокуратура бірден шабуылды террорлық акт ретінде тергеуді бастады. Президент Кароль Навроцкий 8 және 9 қарашаға жалпыұлттық аза жариялады, Краковта аза 11 қарашаға дейін жалғасады.



