Мазмұнға өту

Каир маңында екі пойыз соқтығысып, 7 адам қаза тапты

Зардап шеккен 112 адамның 45-і жағдайы жақсарып, ауруханадан шығарылды.

Люди на месте схода поезда с рельсов в районе Эль-Аят, провинция Гиза, Египет
Фото: AP

8 қарашада, жексенбі күні Каир маңындағы Гиза провинциясының Эль-Аят ауданында жолаушылар пойызы басқа құрамның артқы бөлігіне соғылды. Мысыр Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, 7 адам қаза тауып, тағы 112 адам зардап шекті. Қаза тапқандардың арасында машинист те бар, ол ауруханада көз жұмды.

Мысыр ұлттық темір жолдарының дерегінше, Гизадан Файюмға бара жатқан «Тахья Миср» №134 пойызы Каир – Асуан бағытындағы №2010 пойыздың артқы бөлігіне соқтығысқан. Бірнеше вагон рельстен шығып, олардың бір бөлігі темір жол бойындағы ауыл жолына құлап, аударылып қалды, деп хабарлайды Al Jazeera. Соқтығыстың себебі ресми түрде әлі аталған жоқ. Каир – Асуан желісі – елдің оңтүстігіне баратын басты темір жол, онымен Луксор мен Асуанға туристер де жүреді.

Оқиға орнына құтқарушылар мен үйінділерді тазалайтын крандар жіберілді. Зардап шеккендерді жақын маңдағы ауруханаларға 70-тен астам жедел жәрдем көлігі жеткізді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 45 адам ауруханадан шығарылды, ал ауыр жағдайдағылардың саны нақтыланбады. Темір жол компаниясы пойыздар қозғалысын мүмкіндігінше тез қалыпты кестеге қайтаруға уәде берді.

Эль-Аят Мысыр тарихындағы ең ауыр теміржол апатымен де белгілі: 2002 жылы мұнда пойыз өртеніп, 370-тен астам адам қаза тапқан. 2009 жылы осы аудандағы бірнеше апатта ондаған адам көз жұмды. Al Jazeera жазуынша, Мысырдың темір жолдары әлдеқашан жаңғыртуды қажет етеді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз