Мазмұнға өту

«Қызылжар» клубының бұрынғы президенті Лория іздеуге жарияланды

Аса ірі мөлшерде ысырап ету туралы бап бойынша клубтың бұрынғы басшысына мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаралуы мүмкін.

Григорий Лория, бывший президент футбольного клуба «Кызылжар»
Фото: kazfootball.kz

Петропавлдағы «Қызылжар» футбол клубының бұрынғы президенті Григорий Лория іздеуге жарияланды. Ол сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иемденуге немесе ысырап етуге және салық төлеуден жалтаруға күдікті. Бас прокуратураның құқықтық статистика порталындағы деректерге қарағанда, іздестіру ісі 7 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) бастамасымен тіркелген.

Іздеу жарияланбас бұрын Лория екі рет шақырылған. 5 қарашада оған күдік туралы хабарлау үшін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық тергеу департаментіне шақырды, алайда ол келмеді. 6 қарашада ол Петропавлдың мамандандырылған тергеу сотына шақырылды: онда тергеушінің оны сырттай қамауға алу туралы өтінішхаты қаралды. Отырыстың немен аяқталғаны жария етілмеді.

СҚО экономикалық тергеу департаменті қылмыстық істің барын растады, бірақ тергеу мүддесін алға тартып, мән-жайын ашпады. Лорияға Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы және 245-бабының 3-бөлігі бойынша күдік келтірілген. Ведомство залал сомасын атамай отыр. Бұл баптардың біріншісі мүлкін тәркілей отырып, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.

Григорий Лория 72 жаста, ол «Қызылжарды» 2014 жылдан 2024 жылғы наурызға дейін басқарған. Клубтағы қаражат жымқыру дерегі 2024 жылғы қарашада белгілі болды: сол кезде СҚО прокуратурасы «Қызылжардың» лауазымды тұлғалары бюджет қаражатын жымқырған іс бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлаған. Бұл істе Лорияның есімі аталған, кейін оған қатысты материалдар жеке іс жүргізуге бөлініп шықты.

Негізгі іс бойынша үкім шығып қойған. 2026 жылғы қаңтарда Петропавл соты клубтың бұрынғы бас бухгалтері Ольга Замелацкаяны дәл осы баптар бойынша 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Одан клуб пайдасына 70 млн теңге, мемлекеттік кірістер органдарының пайдасына 287 млн теңге және мемлекет кірісіне тағы 10,6 млн теңге өндіріп алынды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз