Мазмұнға өту

Еңбекмині: зейнетақы отбасының ауқатына ғана тәуелді болмауы керек

2027 жылдан бастап A және B санатындағы отбасылар жәрдемақының 10 түрін, оның ішінде бала тууына және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны ала алмайды.

Заседание правительства Казахстана, на котором обсуждали принцип нуждаемости при назначении пособий
Фото: primeminister.kz

Зейнетақымен, мүгедектікпен және асыраушысынан айырылумен байланысты қолдау шаралары тек отбасының қаншалықты ауқатты екеніне қарап шешілмеуі тиіс. Мұны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Informburo.kz сұрауына берген жауабында мәлімдеді. Журналистер атаулылық қағидаты жасына байланысты зейнетақыға да қолданыла ма деп сұраған. Ведомство бұл сұраққа тікелей жауап бермеді, бірақ мұндай төлемдер әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететінін атап өтті.

Министрліктің тағы бір жаңалығы eGov-қа қатысты. «eGov жеке кабинетінде отбасының әл-ауқат деңгейі туралы мәліметті көрсету мүмкіндігі қарастырылып жатыр», – делінген Еңбекминінің жауабында. Әзірге нақты мерзім жоқ: ол цифрлық жүйелер дайын болған кезде белгіленеді.

Атаулылық қағидаты 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен енгізіледі. Отбасының цифрлық картасы A және B санатына жатқызған отбасылар жәрдемақының 10 түрін ала алмайды:

  • бала тууына байланысты және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жәрдемақы;
  • көпбалалы отбасыларға және марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы;
  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • I топтағы мүгедектігі бар адамды күтуге байланысты жәрдемақы және мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-аналарға, қамқоршыларға берілетін жәрдемақы;
  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындағанда да отбасының ауқаты ескеріледі. Жәрдемақы алып жүрген отбасы A немесе B санатына ауысса, төлем тоқтатыла тұрады. Ай сайынғы қайта есептеу отбасының әл-ауқат деңгейі төмендегенін көрсеткенде, төлем қайта беріледі.

Сонымен бірге Еңбекминінің атап өтуінше, отбасының жоғары не ауқатты деңгейге жатқызылуы оның мемлекеттік қолдаудың бәрінен автоматты түрде айырылатынын білдірмейді: кейбір төлемдер нысаналы мақсаты мен әлеуметтік маңызы ескеріліп, отбасының ауқатына қарамастан тағайындалады. Мүгедектігі бар балаларға және I, II топтағы мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақы, екі ата-анасынан бірдей айырылған балаларға асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы, арнаулы кәсіптік жәрдемақы, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арнаулы жәрдемақы бұрынғыдай төлене береді.

Отбасының санатын цифрлық карта мемлекеттік дерекқорлардағы мәліметтерге сүйеніп өзі анықтайды және ай сайын қайта есептейді. 1 қаңтардан бастап жаңа тәртіп пилоттық режимде іске қосылады. Өз санатыңызды eGov Mobile-дағы калькулятор арқылы алдын ала шамалап көруге болады. Оның есептеулеріне шағым түскен соң бағалау әдістемесі қайта қаралған. Министрліктің айтуынша, атаулылық әлеуметтік міндеттемелерден бас тарту үшін емес, бюджет қаражатын көмекке ең мұқтаж жандарға бағыттау үшін енгізіліп отыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз