Мазмұнға өту

Мексикада Халиско картелі жетекшілерінің бірі «R2» ұсталды

Альварес ұстау кезіндегі атыста жараланды, ал АҚШ оны экстрадициялауды талап етіп отыр.

Сотрудники Генпрокуратуры и военные моряки Мексики во время операции по задержанию в Гвадалахаре
Фото: AFP

8 қарашада, жексенбі күні Мексиканың Халиско штатындағы Гвадалахара маңындағы Сапопан қаласында құқық қорғаушылар «R2» лақап атты Рафаэль Альварес Аяланы ұстады. Ол «Халисконың жаңа буыны» (CJNG) картелі жетекшілерінің бірі әрі картельдің Los Rs тобының басшысы саналады. Al Jazeera Мексика билігіне сілтеме жасап хабарлағандай, онымен бірге тағы 19 адам ұсталды.

Операцияны АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес басқармасы (DEA) берген барлау деректері негізінде Мексиканың әскери-теңіз күштері жүргізді. Оған Бас прокуратураның қылмыстық тергеу агенттігі, армия және Ұлттық барлау орталығы да қатысты. Қауіпсіздік министрі Омар Гарсия Харфуч X желісінде «R2» ұстау кезіндегі атыста жараланғанын, қазір оған медициналық көмек көрсетіліп жатқанын жазды.

Гарсия Харфучтың айтуынша, бұл топ бопсалау, есірткі саудасы, кісі өлтіру, адам ұрлау және билік өкілдеріне шабуыл жасаумен айналысқан. Бопсалаушылардың құрбандары арасында кәсіпкерлер мен авокадо өндірушілер бар. «R2»-ні кемінде 19 адамның өлтірілуімен байланыстырады. Олардың арасында 2025 жылы өлтірілген Мичоакан штатындағы Уруапан қаласының мэрі Карлос Мансо да бар. Мансо қылмысқа қарсы күресімен танымал болған.

Мексикада Альварес ауырлататын мән-жайлармен адам өлтірді деген айып бойынша қамауға алу ордері шығарылған. Бұдан бөлек, оны АҚШ-қа экстрадициялау үшін де ордер берілген.

«Халисконың жаңа буыны» картелі Халиско және Мичоакан штаттарында әрекет етеді, АҚШ-қа есірткі жеткізу ісінде Синалоа картелімен бәсекелеседі. 2025 жылы Вашингтон CJNG-ны шетелдік террористік ұйым деп таныды. Ақпанда картельдің негізін қалаушы «Эль Менчо» лақап атты Немесио Осегера әскери операция кезінде қаза тапты, осыдан кейін билік картельдің тағы бірнеше жетекшісін ұстады. Шілденің соңында «R2»-нің бауыры «R1» ұсталды, тергеу оны Мансоны өлтіруге тапсырыс берген деп есептейді. Мексикада шамамен 134 мың адам хабар-ошарсыз кеткен деп саналады, олардың ең көбі – Халискода.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз