Қытайдың солтүстігіндегі Шаньси провинциясының орталығы Тайюань қаласында 8 қарашада, жексенбі күні көпқабатты тұрғын үйде өрт шықты. Синьхуа агенттігі дүйсенбі күні 14 адам қаза тапқанын хабарлады. Ауруханаға 38 адам жеткізілді.
Өрт жергілікті уақытпен шамамен сағат 17:00-де (Астана уақытымен 14:00-де) қаланың орталық бөлігіндегі Инцзэ ауданында басталды. Екі сағаттай уақыттан кейін, сағат 19:00-ге қарай өрт сөндірілді, ал сағат 20:30-ға қарай құтқарушылар үй ішінен адам іздеуді аяқтады.
Жексенбі күні кешке жергілікті билік бес адам қаза тапқанын айтқан, бұл деректі China Daily газеті келтірді. Дүйсенбі күні таңертең Синьхуа қаза тапқандар саны 14-ке жеткенін хабарлады. Бұл санның қалай өскені ресми түрде нақтыланбады. Ауруханадағы адамдардың жай-күйі туралы да әзірге мәлімет жоқ.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр, тергеу басталды. Үйдің неше қабатты екенін және оттың нақты қай жерден шыққанын билік әлі айтқан жоқ.
Тайюань – ірі өнеркәсіп қаласы, онда 5 миллионнан астам адам тұрады. AFP агенттігінің жазуынша, Қытайда адам өліміне әкелетін өрт жиі болады: құрылыс нормалары мен қауіпсіздік ережелері көп жағдайда сақталмайды. 2025 жылғы қарашада Гонконгтағы тұрғын үй кешенінде болған өртте 168 адам қаза тапты. Осыдан кейін Қытай билігі бүкіл ел бойынша көпқабатты үйлердің өрт қауіпсіздігін тексеруді бастады. Бір айдан соң Гуандун провинциясындағы тұрғын үй өртінде 12 адам көз жұмды, ал 2026 жылғы шілдеде елдің шығысындағы аяқ киім фабрикасында болған өрт кемінде 28 адамның өмірін қиды.



