8 қарашада, жексенбі күні кешке Ирак Күрдістанындағы Хор-Мор газ кен орнына дрон шабуыл жасады. Нысанда өрт шығып, газ өндіру тоқтатылды. Al Jazeera хабарлауынша, өңірдегі электр станцияларына газ бармай, Күрдістан аумағының 70%-дан астамы жарықсыз қалды.
Соққы жергілікті уақытпен шамамен сағат 23:00-де (Астана уақытымен 01:00-де) Сулеймания провинциясының Чамчамаль ауданындағы кен орнына тиді. Ирактың 964 басылымының дерегінше, дрон газ өндіретін қондырғылардың біріне тиген, басқа мәліметке қарағанда, сұйытылған газ тиейтін бөлік те зақымданған. Өрт сөндірілді, келтірілген шығын әлі бағаланып жатыр. Кен орнының операторы – БАӘ-нің Dana Gas компаниясы өндіріс әлі тоқтап тұрғанын хабарлады. Ирак үкіметінің алғашқы деректері бойынша, ешкім зардап шеккен жоқ.
Күрдістанның Электр энергетикасы министрлігі энергия жүйесі 2,5–2,8 ГВт қуатынан айырылғанын хабарлады. Эрбиль, Сулеймания, Базиан, Чамчамаль және Дохук қалаларындағы электр станцияларына газ берілмей қалды. Министрлік өкілі Омед Ахмедтің айтуынша, ауруханалар мен су тазарту станциялары Дукан және Дербендихан су электр станцияларынан, сондай-ақ сұйық отынмен жұмыс істейтін станциялардан қуат алып отыр. Жарық алдымен маңызы төмен нысандарда өшіріледі, тұрғын үйлер ең соңғы кезекте ажыратылады.
Күрдістанның Табиғи ресурстар және Электр энергетикасы министрліктері шабуылды «террорлық акт» деп атады. Ирак премьер-министрі Али аз-Зейди күрд билігімен бірлесіп тергеу комиссиясын құруды тапсырды. Соққыны әзірге ешкім өз мойнына алған жоқ. The National басылымының жазуынша, күрд билігі Иранды жақтайтын қарулы топтарды өңірдің газ саласын тұрақсыздандыруға тырысады деп айыптап отыр. Соққының Иран төңірегіндегі соғысқа қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.
Хор-Мордың газы Күрдістанның электр станцияларына жеткізіледі, сондықтан кен орнына жасалған әр шабуыл бүкіл өңірдің энергиямен жабдықталуына әсер етеді. 2025 жылғы қарашада дрон соққысынан мұндағы резервуар өртеніп, шамамен 2 600 МВт қуат ажыратылған еді. 2026 жылғы ақпанның соңында АҚШ пен Израильдің Иранмен соғысы басталғаннан кейін Dana Gas өндірісті сәуірдің ортасына дейін тоқтатқан, ал шілдеде қауіпсіздікке төнген қатерге байланысты тағы тоқтатты. Бұл шабуыл кен орнында 2 қарашада аяқталған жоспарлы жөндеуден бір аптадан кейін болды.



