Польшаның Ұлттық прокуратурасы Краковтың тарихи орталығында болған атысты террорлық акт ретінде тергеп жатыр. 7 қарашада, сенбі күні бір ер адам елдегі туристер ең көп баратын орындардың бірі – Бас базар алаңында оқ жаудырды. Алты адам қаза тауып, тағы 16 адам жараланды.
Жергілікті уақыт бойынша сағат 15:00 шамасында бетперде киген, әскери киімдегі ер адам көлікпен алаңға келіп, жүргіншілерге оқ ата бастады. Полициямен атыстан кейін ол жараланып, ұсталды. Күдікті – Островец-Свентокшиски қаласының тұрғыны, 24 жастағы Михал О. Польша заңы бойынша оның толық аты-жөні жария етілмейді. Бірнеше отадан кейін ол аса ауыр халде жатыр.
Кешке күдіктінің үйінен тағы үш адамның денесі табылды. Болжам бойынша, бұл – оның ата-анасы мен қарындасы. «Дәлелдер бұл әрекеттерді бір адам жасағанын көрсетеді», – деп хабарлады прокуратура.
Краковта қаза тапқандардың арасында 47, 53 және 61 жастағы үш поляк әйел, 50 жас шамасындағы поляк ер адам, 32 жастағы британ азаматы және азаматтығы әлі аталмаған 51 жастағы шетелдік әйел бар. Жараланғандардың 11-і – Польша азаматы, қалғандары Ұлыбритания, Португалия, Ресей, Германия және Австрия тұрғындары. Шабуылдаушыны қуған екі полицей – Якуб Кулик пен Артур Моранский ауыр жарақат алды. Кулик аса ауыр халде.
Күдіктінің қару ұстауға рұқсаты болған. Полиция мәліметінше, ол AR-15-ке ұқсас жартылай автоматты мылтықпен атқан. Көлігінен басқа да қару табылды. Ішкі істер министрі Марцин Кервиньский алғашқы деректерге қарағанда күдіктінің «өте радикалды ультраоңшыл көзқарастары» болғанын айтты, бірақ тергеу мұны әлі тексеріп жатыр. Шабуылдың себебі әзірге белгісіз.
Премьер-министр Дональд Туск шабуылды терроризм деп атап, атысушыны ұстаған полицейлерді «нағыз батырлар» деп атады. Елде 8 және 9 қарашаға екі күндік аза тұту жарияланды, жарлыққа президент Кароль Навроцкий қол қойды. Краковта аза тұту 11 қарашаға дейін жалғасады.
Notes from Poland басылымының жазуынша, Польша – Еуропада қару ұстау деңгейі ең төмен елдердің бірі, онда бұрын қоғамдық орындарда мұндай жаппай атыс болмаған.



