Шымкентте 10 қарашадан, дүйсенбіден бастап тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдана бастайды. Бұл – ипотеканың бастапқы жарнасына берілетін қайтарылмайтын көмек. Сертификат қарыз сомасының 10%-ын өтейді, бірақ 1 млн теңгеден аспайды. Бұл ақшаны қайтарудың қажеті жоқ.
Сертификат мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша ипотека алатын және мына жеңілдікті санаттардың біріне жататын адамдарға беріледі:
- Ұлы Отан соғысының ардагерлері және жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар;
- басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;
- I және II топтағы мүгедектігі бар адамдар;
- мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасылар;
- асырауында кәмелетке толмаған балалары бар жесір әйелдер мен ерлер;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған, «Батыр ана» атағын алған немесе I және II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған көпбалалы аналар, сондай-ақ көпбалалы отбасылар;
- толық емес отбасылар;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
- Шымкенттегі мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері.
Табысқа да шектеу қойылған. Соңғы алты айда отбасының әр мүшесіне шаққандағы орташа айлық табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 еселенген мөлшерінен аспауы тиіс. 2026 жылы бұл – айына 157 638 теңге. Өтініш берушінің және онымен бірге тұрақты тұратындардың табысы зейнетақы жарналары, жеке табыс салығы және басқа да міндетті аударымдар шегерілгеннен кейін есептеледі.
Өтінімге мына құжаттар қажет:
- белгіленген үлгідегі өтініш;
- соңғы алты айдағы табыс туралы жұмыс орнынан анықтама – әлеуметтік осал санаттардың кейбіріне ол талап етілмейді;
- қарыз сомасы мен бастапқы жарна көрсетілген, ипотеканың мақұлданғаны туралы банк хаты;
- өтініш берушінің, жұбайының және кәмелетке толған отбасы мүшелерінің соңғы алты айдағы зейнетақы аударымдары туралы анықтамалар – оларды Kaspi немесе Halyk Bank қосымшасынан алуға болады.
Құжаттар тек онлайн, kezekte.kz платформасы арқылы тапсырылады, ол үшін ЭЦҚ керек. Өтінім дүйсенбі күндері қабылданады. Банк хаты міндетті құжаттардың қатарында, сондықтан ипотекаға банктің мақұлдауын өтінім бермес бұрын алу керек. Қазір қандай мемлекеттік ипотека бағдарламалары жұмыс істейтінін Отбасы банк ипотекасы туралы материалда талдадық.
Шымкентте тұрғын үй сертификатына өтінім қабылдаудың алдыңғы кезеңі 17 тамызда басталған болатын.



