Қазақстандық әнші Төреғали Төреәлі 8 қарашада Threads желісінде ер адамның үш, тіпті төрт әйелі болуы мүмкін екенін жазды. Бұл жазба қазнетте қатты сынға ұшырады. Бұл туралы Azattyq Ruhy хабарлады.
Басылымның дерегінше, әнші екі әйел туралы әңгімені ақылсыздық деп атап, үш те, төрт те әйел алуға болатынын айтқан. Көп қолданушы әншіні көп әйел алуды насихаттап отыр деп ойлады.
«3, 4 әйел… Неге бірден 500 емес?» – деп кекетеді пікір қалдырушылар. Енді біреулер әншінің жаңа жазбаларын күтіп жүргенін айтады: «Бүгін не жазасыз?». Бір қолданушы оған отбасын еске салды: «Жеті балаңыз бар емес пе, бұлай жазу ұят». «Енді тек елін ауыстыруы ғана қалды», – дейді тағы бірі.
Төреәлінің Threads-тегі жазбасы қазнетте алғаш рет талқыланып отырған жоқ. Бұған дейін оның «Тегін арақтан тез мас боласың» деген сөзі қолданушыларға ұнамаған. Ал 6 қарашада әнші тағы бір жазбасы үшін сынға қалды: көпшілік оны әдепсіз деп, артисттен сөзіне абай болуды сұрады.
Көп әйел алу тақырыбы Төреәлі үшін жаңа емес. 2023 жылы HHH Show YouTube-шоуында ол төрт әйел алғысы келетінін, екінші әйел алуға да қарсы емес екенін айтқан. Сол кезде әйелі Толқын Тұрарбекқызы Instagram-да жазылушыларының сұрағына жауап берді: тағдыр солай жазса, күйеуі екінші әйел алады, бұл үшін одан рұқсат сұрауға міндетті емес. Өзі бұл ойды қолдай ма, жоқ па, Толқын ол кезде айтпады.
Төреғали Төреәлі – Қазақстандағы ең танымал эстрада әншілерінің бірі. Ол әлеуметтік желіде жиі талқыға түседі: бұған дейін қазнет әншінің атыраулық жанкүйерімен кездесуін де талқылаған.



