Мазмұнға өту

Франция: Еуропа Украина бойынша Әбу-Дабидегі келіссөзге қатысады

Франция СІМ басшысы Жан-Ноэль Барро бұл жолы еуропалықтар сыртта қалмайтынын, АҚШ делдал болатын кездесуде олардың үні естілетінін айтты.

В-Абу-Даби-завершились-двухдневные-консультации-по-Украине
В Абу-Даби завершились двухдневные консультации по Украине

Еуропа Ресейдің Украинаға қарсы соғысын тоқтату жөніндегі келіссөзге қатысады. Келіссөз 10–11 қарашада Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Әбу-Дабиде өтеді. Бұл туралы 8 қарашада Франция Сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барро француздың RTL радиосының эфирінде мәлімдеді. Осы уақытқа дейін кездесу Украина, Ресей және делдал ретінде АҚШ делегацияларының үшжақты жиыны ретінде дайындалып келген еді.

«Еуропалықтар өкілдік етеді, Франция бұл талқылауларға қатысу үшін Әбу-Дабиге барады», — деді Барро. Министрдің мойындауынша, бұрын мұндай келіссөздерде еуропалықтар кейде болмай қалған, бірақ «бұл жолы олар қатысады». Оның сөзінше, Франция «сол жерде болып, Еуропаның үні естілуін қамтамасыз етеді». Парижді нақты кім таныстыратынын министр әзірге айтпады.

АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф бұған дейін Әбу-Дабиде тараптар соғыстан кейінгі қауіпсіздік кепілдіктерін, шиеленісті бәсеңдетуді, гуманитарлық мәселелерді және бітімге апаратын келесі қадамдарды талқылайтынын айтқан. Украина делегациясын Президент кеңсесінің басшысы Кирилл Буданов басқарады. Ресей кездесуге Владимир Путиннің көмекшісі Владимир Мединскийді, сыртқы істер министрінің орынбасарлары Сергей Рябков пен Михаил Галузинді, сондай-ақ әскери барлау басшысы Игорь Костюковты жібереді. Американың Соғысты зерттеу институтының (ISW) сарапшылары Ресей делегациясына бұрын Кремльдің талаптарын алға тартып, келіссөзді созбалаңға салған адамдар енгенін атап өтті. Бұл Мәскеудің сындарлы әңгімеге құлықсыз екенін көрсетуі мүмкін.

Еуропа үшін келіссөзге қатысу аса маңызды. Украина президенті Владимир Зеленский еуропалық одақтастардың да келіссөз үстелінде болуын талап етіп келеді, ал Мәскеу онда еуропалықтарға орын жоқ екенін аңғартқан. Еуропада АҚШ Кремльмен олардың басын айналып өтіп келісіп қоюы мүмкін деген алаңдаушылық бар: АҚШ президенті Дональд Трамп Ресеймен Украинадағы соғысты ғана емес, «бүкіл Еуропаны» қамтитын «өте үлкен» келісім болатынын болжаған. Әбу-Дабидегі кездесу алдында АҚШ, Еуропа, Украина және НАТО өкілдері Брюссельде кеңес өткізді. Оған бейнебайланыс арқылы қосылған Трамптың өкілі Джаред Кушнер Вашингтон «Еуропа қауіпсіздігінің кеңірек архитектурасы» үстінде жұмыс істеп жатқанын және Әбу-Дабиде еуропалық әріптестермен ақылдасатынын айтты.

Келіссөз Ресейдің жаңа лаңкестік шабуылдары аясында өтіп жатыр: 7 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаға 36 баллистикалық зымыран атты, ал 8 қарашаға қараған түні бірнеше облыстың энергетикасын тағы да дрондармен атқылады, басып алынған Запорожье АЭС-і қайтадан сыртқы қуатсыз қалды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз