Ресей әскері 8 қарашада таңертең Украинаның орталық-шығысындағы миллион тұрғыны бар ірі өнеркәсіп қаласы Днепрдің жеке үйлер орналасқан бөлігіне дронмен соққы берді. Бір адам қаза тауып, тағы біреуі жараланды. Бұл туралы Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа Киев уақытымен сағат 11:04 шамасында (Астана уақытымен 14:04-те) хабарлады. Соққы түні бойы ресейлік дрондар шабуылдаған облысқа тиді: энергетика жүйесі атқыланғаннан кейін Днепропетровск облысында 600 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалды.
Ганжа соққы туралы алғашқы хабарды Киев уақытымен шамамен 10:48-де (Астана уақытымен 13:48-де) жариялады. Оның айтуынша, жау дроны Днепрдің маңындағы елді мекенге құлап, өрт шыққан, кемінде бір жеке үй қираған. Сол кезде облыс басшысы үйінді астында адамдар қалуы мүмкін екенін ескерткен. Шамамен 15 минуттан кейін ол бір адамның қаза тапқанын, бір адамның жараланғанын хабарлады. Билік қаза тапқан адамның есімін атаған жоқ. Оқиға орнында соққының зардабын жою жұмыстары жүріп жатыр, деректер нақтыланып жатыр.
Жарықтың жаппай сөнуі түнде басталған. Ганжаның жексенбі таңертеңгі дерегінше, облыстың бес ауданында — Днепр, Каменское, Самар, Павлоград және Синельниково аудандарында 600 мыңнан астам тұтынушы электрсіз қалды. Ауруханалар мен сыни инфрақұрылым нысандары генератордан қуат алуға көшті. ДТЭК энергетика компаниясы ресейлік түнгі шабуыл облыстың маңызды энергетика нысандарын зақымдағанын, жөндеушілердің бірінші міндеті — сыни инфрақұрылым нысандарына қуат беру екенін мәлімдеді. Ганжаның сөзінше, энергетиктердің жұмысын үздіксіз атқылау қиындатып отыр. Билік жарығы бар тұрғындарды электр энергиясын үнемдеуге шақырды. Днепрде әдеттегі кестеге сәйкес келмейтін авариялық өшірулер енгізілді.
7 қарашада кешке энергетика нысандарына қайта-қайта соққы берілгеннен кейін Днепрдің өзінде 60 мыңнан астам тұтынушы жарықсыз қалған еді. Бір түнде облыстағы жарықсыз қалғандар саны он есе өсті. Облыстық әкімшіліктің дерегінше, Ресей әскері төрт ауданға дрондармен онан астам рет шабуыл жасады. Днепр және Каменское аудандарында инфрақұрылым зақымдалды. Облыстың оңтүстігіндегі, басып алынған Запорожье АЭС-інің қарсы бетіндегі Никополь қаласында көпқабатты үй зақымданды. Синельниково ауданында жеке үй өртенді. Әуе қорғанысы облыс аумағында 13 дронды атып түсірді.
Жартылай жарықсыз қалған бес ауданда тұрғындар жылынып, телефонын қуаттап, интернетке шыға алатын 400-ден астам «Мызғымас пункті» жұмыс істеп тұр, оның 160-тан астамы — Днепр ауданында. Облыста мұндай пункттердің саны 1 500-ге жуық, олардың бәрі генератормен және ауыз сумен қамтылған.
Днепропетровск облысы — түнгі шабуылдың бір бөлігі ғана. Украина Әуе күштерінің дерегінше, 8 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға Азов теңізі акваториясынан үш Х-59/Х-69 басқарылатын авиациялық зымыранын және 164 шабуылдаушы дронды ұшырды. Олардың 112-сі — «Шахед» типті реактивті дрондар. «Шахед» — Ресей өз аумағында шығаратын иран шабуылдаушы дроны, оның реактивті нұсқасы әдеттегісінен жылдам ұшады. Дрондар Ресейдің Орел, Курск, Миллерово және Приморско-Ахтарск қалаларынан, басып алынған Донецктен және басып алынған Қырымдағы Гвардейское елді мекенінен ұшырылған. Қорғаныс күштері 137 әуе нысанасын атып түсірді немесе басып тастады, олардың 88-і — реактивті дрондар. 23 жерде соққы, тағы алты жерде сынықтардың құлағаны тіркелді.
Сол түні ресейлік дрондар Одессаға шабуыл жасап, қалада тұрғын емес ғимарат өртенді. Бір күн бұрын кешке Украинаның оңтүстігіндегі бұл қалаға жасалған соққыдан бір адам қаза тапқан. Елдің солтүстігіндегі Житомир облысында дрондар Овруч қаласындағы қосалқы станцияны толық қиратты. Шығыстағы Донецк облысында облыстық әскери әкімшіліктің дерегінше, бір тәулікте Ресей әскері бес бейбіт тұрғынды өлтіріп, тағы бес адамды жаралады.
Ресей энергетикаға соққыны келіссөздер қарсаңында беріп отыр: 10–11 қарашада Әбу-Дабиде Украина, АҚШ және Ресей делегацияларының үшжақты кездесуі өтуі тиіс. 7 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 36 баллистикалық зымыран атқан, олардың тек төртеуін ғана атып түсіру мүмкін болды. Сол кезде Украина президенті Владимир Зеленский Ресей келіссөздерге Украинаның энергетикасына соққы беру арқылы дайындалып жатқанын мәлімдеген. Миллиондаған бейбіт адамның ауруханасы, жылуы мен суы тәуелді электр станциялары мен қосалқы станцияларға соққы беру — лаңкестік шабуыл әрі әскери қылмыс.



