Украинаның оңтүстік-шығысындағы ең ірі қалалардың бірі Днепрде 7 қарашада кешке 60 мыңнан астам тұтынушы электр қуатынсыз қалды. Оған Ресейдің энергетика нысандарына қайталап жасаған соққылары себеп болды. Бұл туралы Киев уақытымен шамамен сағат 19:50-де (Астана уақытымен 22:50-де) Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжа хабарлады. Оның айтуынша, жөндеу бригадалары қауіпсіздік жағдайы мүмкіндік берген бойда электрмен жабдықтауды қалпына келтіруге кіріседі. Хабарлама жарияланған сәтте облысқа шабуыл әлі тоқтамаған еді, сондықтан тұрғындарға әуе дабылы аяқталғанша баспанада болу ұсынылды.

Түнгі шабуылдан кейін Украинаға соққылар күні бойы жалғасты. Украина Қарулы күштері Әуе күштерінің мәліметінше, кешке бірнеше облыстың, солтүстіктегі Чернигов облысынан бастап оңтүстік-батыстағы Винница мен Одесса облыстарына дейінгі аумақтың үстінде реактивті шабуылдаушы дрондар байқалған. Бұл — Ресей өз аумағында шығаратын ирандық «Шахед» шабуылдаушы дронының жаңа нұсқасы. Реактивті қозғалтқыштың арқасында ол жылдамырақ ұшады, оны құлату да қиынырақ. Шабуылдаушы дрондар тобы Запорожье мен Днепропетровск облысындағы Павлоград бағытына да ұшқан, ал Ресей авиациясы Днепропетровск, Запорожье және Сумы облыстарына басқарылатын авиабомбалар тастаған.
Күндіз реактивті дрондар Киевке шабуыл жасады. Киев мэрі Виталий Кличконың хабарлауынша, Шевченко ауданында дрон жеке тұрғын үйге тиіп, көршілес тағы екі үй зақымданған. Оболонь ауданында қойма кешені үлкен аумақта өртенген. Украинаның орталығындағы Полтава облысының өнеркәсіпті қаласы Кременчугта ресейлік дрондар екі жеке кәсіпорынға соққы берген, «Украинская правда» басылымының жазуынша, төрт адам зардап шеккен.
Днепр бірнеше апта бойы энергетика жүйесіне жасалып жатқан соққылардың зардабын тартып отыр. 30 қазанға қараған түні шабуылдан кейін қала мен оның маңында 350 мыңнан астам абонент жарықсыз қалған, электр көлігі тоқтап, су арнасы мен басқа да маңызды нысандар генераторға көшкен. Келесі күні Ресей облыстың энергетика нысандарына тағы соққы берді. Владимир Зеленскийдің мәліметінше, 7 қарашаға қараған түні Ресей Украинаға 36 баллистикалық зымыран мен 172 дрон ұшырды. Негізгі нысана тағы да энергетика болды, Днепропетровск облысында да қосалқы станциялар зақымданды.
Қыс алдында энергетика жүйесіне жасалатын мұндай соққылар — бейбіт тұрғындарға қарсы лаңкестік шабуыл. Олардың мақсаты — қалаларды жарықсыз, жылусыз және сусыз қалдыру. Бұл шабуылдар 10–11 қарашада Әбу-Дабиде өтуі тиіс Украина, АҚШ және Ресей келіссөздерінің қарсаңында жалғасып отыр.



