Мазмұнға өту

Қазақстанның жастар құрамасы Ресейден 0:7 есебімен жеңілді

Ресей құрамасында Алан Шайхлисламов хет-трик жасады, ал соңғы екі шайбаны үй иелері кем құраммен ойнап жүріп соқты.

Матч молодёжных сборных России и Казахстана по хоккею на «Кубке Будущего» в Санкт-Петербурге

Қазақстанның хоккейден жастар құрамасы (20 жасқа дейінгі) Санкт-Петербургте өтіп жатқан «Болашақ кубогында» екінші рет жеңіліс тапты. 7 қарашада ол Ресейдің жастар құрамасына 0:7 есебімен ұтылды. Ойын «Юбилейный» спорт кешенінде өтті.

Үй иелері есепті төртінші минутта-ақ ашып, бірінші кезеңді 1:0 есебімен аяқтады. Екінші және үшінші кезеңде олар тағы үш шайбадан соқты. Алан Шайхлисламов хет-трик жасады, Сергей Скворцов екі рет көзге түсті, Борис Борин мен Михаил Меликов бір-бір шайба соқты. Ресейліктер бір шайбаны көп құраммен ойнап жүріп, соңғы екеуін кем құраммен ойнап жүріп соқты. Соңғы голды Шайхлисламов сирена шығуына бір секунд қалғанда енгізді.

«Болашақ кубогы» – жастар мен жасөспірімдер командаларының халықаралық турнирі. Ол 5–8 қараша аралығында өтеді. Турнирге төрт құрама қатысады: Қазақстан U20, Беларусь U20, сондай-ақ Ресейдің жастар (U20) және жасөспірімдер (U18) құрамалары. Қазақстандықтар 8 қарашада соңғы ойынын Ресейдің жасөспірімдер құрамасымен өткізеді. Ойын Қазақстан уақытымен сағат 15:00-де басталады.

Қазақстан турнирді Беларусьтен 3:5 есебімен жеңілуден бастады. Команда үшін бұл турнир – 6–12 желтоқсанда Будапештте өтетін IA дивизионындағы жастар арасындағы әлем чемпионатына дайындықтың бір бөлігі. Ол жарыста элиталық дивизионға тек жеңімпаз ғана жолдама алады.

«Болашақ кубогы» Максим Худяков басқаратын құрама үшін алғашқы турнир болды. Ол қазан айының соңында жастар құрамасының бас бапкері болып тағайындалды. 2023 жылы осы турнирде Қазақстанның жастар құрамасы Ресейдің құрдастарына 1:12 есебімен ұтылған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз