Мазмұнға өту

Бибарыс Әшірбай жасөспірімдер Олимпиадасында ширек финалға шықты

Жуырда жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған боксшы ливиялық қарсыласымен жекпе-жекті төрешілер шешіміне жеткізбей аяқтады.

Казахстанский боксёр Бибарыс Аширбай на юношеских Олимпийских играх в Дакаре

Қазақстандық боксшы Бибарыс Әшірбай 7 қарашада Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиада ойындарында ширек финалға шықты. 70 келіге дейінгі салмақтағы алғашқы жекпе-жегінде ол ливиялық Мохамед Джихадты мерзімінен бұрын жеңді.

Дакарда рингке қазақстандық боксшылардың ішінен алғаш болып Әшірбай шықты. Сенегал астанасындағы бокс турнирі 7–12 қараша аралығында өтеді. Оған 120 спортшы қатысады: бес ерлер және бес әйелдер салмақ дәрежесінің әрқайсысында 12 боксшыдан. Әшірбайдан бөлек, Қазақстан намысын екі қыз қорғайды: Ақнұр Тұрсынғали (57 кг) мен Марал Төлепберген (54 кг). Олардың қарсыластарын Дакардағы жеребе анықтады: Тұрсынғали бірден ширек финалда Сенегал боксшысымен кездеседі, ал Төлепберген Ұлыбритания өкілімен жұдырықтасады.

Жасөспірімдер Олимпиада ойындары — Халықаралық Олимпиада комитеті 15–18 жастағы спортшыларға арнап өткізетін жарыс. Дакардағы Ойындар 31 қазаннан 13 қарашаға дейін жалғасады және Африка тарихындағы алғашқы олимпиадалық жарыс болып отыр. Қазақстан 11 спорт түрі бойынша 18 спортшымен өнер көрсетіп жүр. Құраманың қоржынында әзірге екі медаль бар: дзюдошы Фатима Супығалиеваның 52 келіге дейінгі салмақтағы алтыны және триатлоншы Рамазан Айнеговтың қоласы.

Әшірбай Дакарға үлкен табыстан кейін келді. Қазан айының соңында ол Черногорияның Будва қаласында өткен World Boxing жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сол 70 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы жартылай финалда өзбекстандық Зұлфиқор Адхамжоновты ұтып, финалға жетті, ал шешуші жекпе-жекте ирландиялық Джон Донохьюге 0:5 есебімен жеңілді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз