Қазақстанның үш боксшысы 7 қарашада бокс турнирі басталатын Дакардағы жасөспірімдер Олимпиада ойындарындағы алғашқы қарсыластарын білді. Бибарыс Әшірбай (70 кг) Ливия боксшысымен жұдырықтасады, Ақнұр Тұрсынғали (57 кг) бірден ширек финалда Сенегал спортшысымен кездеседі, ал Марал Төлепберген (54 кг) Ұлыбритания өкілімен рингке шығады. Жеребе нәтижесін Қазақстан бокс федерациясы хабарлады.
Дакардағы бокс жарыстары 7–12 қараша аралығында өтеді. Турнирге 120 спортшы қатысады: он салмақ дәрежесінде 60 бозбала мен 60 бойжеткен, әр салмақта 12 боксшыдан.
Қазақстандықтардың алғашқы қарсыластары туралы жазбаны бокс федерациясы Instagram-да жариялады.
Жасөспірімдер Олимпиада ойындары — Халықаралық Олимпиада комитеті 15–18 жастағы спортшыларға арнап өткізетін жарыс. Сенегал астанасындағы Ойындар 31 қазаннан 13 қарашаға дейін жалғасады және Африка тарихындағы алғашқы олимпиадалық жарыс болып отыр. Қазақстан намысын 11 спорт түрі бойынша 18 спортшы қорғайды, ал ашылу салтанатында елдің туын дзюдошы Фатима Супығалиева мен волейболшы Әлихан Ағабек ұстап шықты.
Супығалиева 52 келіге дейінгі салмақта жеңіп, Қазақстанға Ойындардағы әзірге жалғыз алтын медальді әперді. 5 қарашада триатлоншы Рамазан Айнегов қола медаль жеңіп алды, бұл құраманың Дакардағы екінші жүлдесі болды.



