Қазақстандық слэп-файтер Закир Найманбаев 6 қарашада Эр-Риядта өткен Power Slap 26 турнирінде америкалық Уэс Менаны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңді. Ауыр салмақтағы бұл екеуінің екінші кездесуі еді: наурызда да Найманбаев Менадан бірауызды шешіммен басым түскен.
Жекпе-жекке дейін қазақстандық Power Slap-тың ауыр салмақтағы рейтингінде үшінші, ал америкалық сегізінші орында болған. Осылайша Найманбаев дивизионның үздік ондығындағы қарсыласын бір жылда екі рет жеңді.
Power Slap — UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған слэп-файтинг лигасы. Мұнда спортшылар бір-бірін кезекпен ашық алақанмен ұрады, ал жеңіс нокаутпен немесе төрешілер шешімімен беріледі. Power Slap 26 турнирі Эр-Риядтағы The Venue алаңында өтті. Осы кеште Данияр Тоқтаров лигадағы екінші жеңісіне жетіп, нигериялық Санди Эджиофорды төрешілердің екіұдай шешімімен ұтты.
Найманбаев — семейлік. Ол ұзақ жыл дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып істеген, пауэрлифтингтен Азия чемпионы атанған. Power Slap-қа 2023 жылы Дана Уайттың Instagram парақшасына пікір қалдырып, лига командасынан шақыру алғаннан кейін келді. 2025 жылғы шілдеде Жаңа Орлеанда өткен Power Slap 14 турнирінде қазақстандық спортшы америкалық Купер Хаусліні бір соққымен нокаутқа түсірген.



