Ресей Украинаның энергетикасына, Днепр өзеніндегі көпірлерге және азаматтық инфрақұрылымына жаңа жаппай соққы беруге әзірленіп жатыр. Бұл туралы 6 қарашада кешке, Киев уақытымен шамамен 21:07-де (Астана уақытымен 7 қарашада 00:07-де) Украина президенті Владимир Зеленский Telegram-арнасындағы үндеуінде мәлімдеді. «Қазір барлаудан жаңа соққы әзірленіп жатқаны туралы ақпарат бар. Соққы энергетикаға, Днепрдегі көпірлерімізге, азаматтық инфрақұрылымға бағытталуы мүмкін», – деді ол.
Зеленскийдің сөзінше, Украина Әуе күштері мен жалпы Қарулы күштер қорғанысқа дайындалып жатыр, бірақ «бұл оңай емес». Басты қиындық – әуе қорғанысы жүйелеріне зымыранның жетіспеуі. Президент серіктестерден американдық Patriot кешендеріне арналған зымыран-ұстағыштарды тезірек жеткізуді тағы сұрады. Ресейдің баллистикалық зымырандарын атып түсіре алатын жүйелер аз, Patriot – солардың бірі. «Серіктестерімізден жеткізілімді кейінге қалдырмауды қатты сұраймыз», – деді ол. Оның айтуынша, әрбір келісім мен жеткізілімнің әр күні маңызды. Зеленский украиндықтарды зымыран соққысының қаупін ескеріп, сақ болуға шақырды.
Kyiv Independent басылымының жазуынша, Зеленский сол үндеуінде алыс қашықтыққа соққы беретін топпен Ресейге қарсы жаңа операцияларды талқылағанын айтып, «Ресей біздің жауабымызды алады» деп уәде етті.
Днепр өзені Украинаны сол жағалау мен оң жағалауға бөледі, ал Киевте өзен үстіндегі көпірлермен күн сайын ондаған мың адам жүреді. Kyiv Independent деректеріне қарағанда, соңғы апталарда ресейлік дрондар мен зымырандар астанадағы көпірлерді, соның ішінде қаланың басты көлік күретамырлары – Солтүстік және Оңтүстік көпірлерді жиі нысанаға алған.
Ескерту Ресейдің Украина энергетикасына жасап жатқан үздіксіз лаңкестік шабуылдары аясында айтылды. 6 қарашаға қараған түні Ресей әскері Украинаға 227 шабуылдаушы дрон ұшырды. Осыдан кейін Киев пен бірнеше облыста жарық апаттық түрде өшірілді. Сол күні кешке Киев мэрі Виталий Кличко Киевтің батысындағы облыс орталығы Житомирдегі энергетика нысаны зақымданғандықтан, астанада жарық пен су жағдайы нашарлағанын хабарлады. Бұған дейінгі шабуылдардың бірінен кейін Киевте толық ауқымды соғыс басталғаннан бергі ең ауқымды жарық өшірулері мен ең ауыр су тапшылығы болған еді.
Украина Patriot зымырандарына қатысты қиындықтан көптен бері арыла алмай келеді. Киев АҚШ соғыс министрі Пит Хегсеттің Patriot пен NASAMS жүйелеріне зымыран жеткізуді мақұлдауын бір айға жуық күтіп отыр. 30 қазанда АҚШ Мемлекеттік департаменті Украинаға 2,1 млрд долларға 500 зымыран-ұстағыш сатуды мақұлдады. Алайда Зеленский мұндай келісімшарт бойынша зымырандар бірнеше жылдан кейін ғана келуі мүмкін екенін, ал олар осы қыста қажет екенін ескерткен еді.
Мәлімдеме Әбу-Дабиде өтетін Украина, АҚШ және Ресейдің үшжақты келіссөздеріне бір аптаға жетпейтін уақыт қалғанда жасалды. Бұл – ақпаннан бергі алғашқы осындай кездесу. Бір күн бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Путиннің арнайы өкілі Кирилл Дмитриевпен кездескеннен кейін Украина ғана емес, бүкіл Еуропаны қамтитын «үлкен келісім» жасалатынын уәде етті.



