Ресей 6 қарашаға қараған түні Украинаға 227 шабуылдаушы дронмен шабуыл жасады. Лаңкестік шабуыл 5 қарашада Киев уақытымен сағат 18:00-де (Астана уақытымен 21:00) басталып, таңға дейін созылды. Украина ҚК Әуе күштерінің дерегінше, Киев уақытымен сағат 08:00-ге (Астана уақытымен 11:00) қарай украин әуе қорғанысы 196 дронды атып түсірді немесе радиоэлектрондық күрес құралдарымен басып тастады, тағы 15-ке жуығы әуеде болды. Дрондар 14 жерге тиді, атып түсірілген дрондардың сынықтары тағы сегіз жерге құлады. Таңертең Ровно облысында ресейлік дрон бір ер адамның өмірін қиды, Киев облысында энергетика нысандары зақымданып, үш адам зардап шекті.
Ресей «Шахедтерді» ұшырды. Бұл — Ресей өз аумағында шығаратын ирандық шабуылдаушы дрон. Олардың 86-сы реактивті болды. Сонымен қатар «Гербера» дрондары мен «Пародия» имитаторлары қолданылды. Реактивті «Шахед» қарапайым дроннан бірнеше есе жылдам ұшады, оны атып түсіру қиынырақ. Ал жауынгерлік бөлігі жоқ имитаторлар әуе қорғанысын шамадан тыс жүктеу үшін ұшырылады. Дрондар Ресейдегі Орел, Курск, Миллерово және Приморско-Ахтарск қалаларынан, сондай-ақ басып алынған Донецктен және басып алынған Қырымдағы Гвардейское мен Чауда әуеайлақтарынан ұшырылған. 86 реактивті «Шахедтің» 70-і атып түсірілді.

Ресей түнде және таңертең соққы берген өңірлер:
- Ровно облысы (солтүстік-батыс) — таңертең ресейлік реактивті дрон Сарны ауданына соққы берді. Бір ер адам қаза тапты, тұрғын үй мен жүк көлігі зақымданды. Бұл туралы Ровно облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Коваль хабарлады.
- Киев облысы (солтүстік, астананың айналасы) — Борисполь ауданында соққыдан жеке тұрғын үй мен шаруашылық құрылысы өртеніп, толық жанып кетті. Үш адам зардап шекті: бір ер адам бас сүйек-ми жарақатын алды, тағы екеуі қатты күйзеліске ұшырады. Белая Церковь және Обухов аудандарында энергетика нысандары зақымданды. Обухов ауданында жарылыс толқынынан оқу ғимараты мен жатақхананың терезелері сынды. Бұл туралы Киев облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Тимур Ткаченко хабарлады.
- Днепропетровск облысы (шығыс) — облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Александр Ганжаның айтуынша, дрондар бес ауданға он реттен астам шабуыл жасады. Каменское қаласында спорт кешені зақымданып, өрт шықты. «Украинская правда» басылымының мәліметінше, 60 жастағы әйел зардап шекті. Днепр ауданы мен Кривой Рогта жеке үйлер, көліктер мен инфрақұрылым зақымданды, Никополь және Синельниково аудандары да соққыға ұшырады.
- Николаев облысы (оңтүстік) — ресейлік шабуылдаушы дрон энергетика инфрақұрылымы нысанына тиді.
Энергетикаға жасалған соққылар адамдарды тағы да жарықсыз қалдырды. «Укрэнерго» компаниясының мәліметінше, 6 қарашада таңертең Киевте, сондай-ақ Киев, Житомир, Чернигов және Черкассы облыстарында, яғни елдің орталығы мен солтүстігінде жарық апаттық түрде өшірілді. Тұтынушылардың бірден бес кезегі сөндіріліп жатыр. Ең қиын жағдай астанада қалыптасқан, онда кестелер күн ішінде өзгеруі мүмкін. Житомирде ресейлік соққылардан кейін энергия жүйесі қатты зақымданғандықтан, электр энергиясын үнемдеу режимі енгізілді. Қала тұрғындарынан ең көп тұтыну сағаттарында техниканы аз пайдалану сұралды, электр көлігі уақытша тоқтатылды. Украина ТЖҚ 6 қарашадан бастап 30 мыңнан астам отбасы бір тәуліктен артық жарықсыз отырған жерлерде жылжымалы көмек пункттерін ашып жатыр. Әр шатырда генератор мен жылу зеңбірегі болады.
Майдан маңындағы облыстарды Ресей күні бойы атқылады. Облыс билігінің мәліметінше, бір тәулікте Ресей әскері Запорожье облысындағы 51 елді мекенге 785 рет соққы берді, Сумы облысының 13 елді мекені атқыланды, Донецк облысында басқыншылар бір бейбіт тұрғынды өлтірді, Херсон облысында төрт адам жараланды.
Түнгі шабуыл Ресейдің украин энергетикасына қарсы лаңкестік науқанының жалғасы болды. 3 қарашада Ресей ондаған зымыран мен дронмен соққы беріп, үш жылу электр станциясын қиратты. Содан бері Киев пен тағы төрт облыста жарық апаттық түрде өшіріліп отыр. Украина астанасының тұрғындары жарықтың өшірілуіне наразылық білдіріп, жолдарды жапты, ал 5 қарашада Владимир Зеленский Киев энергетикасын тез жөндеуді талап етті. Осы күндердегі ең ауыр қасірет — Запорожье облысындағы Комышуваха кентіндегі мектепке жасалған соққы. Онда Ресей авиабомбалары 50 адамның өмірін қиды.



