Мазмұнға өту

Панфилов ауданында 9 мыңға жуық тұрғын газға қосылды

Жыл соңына дейін ауданның жоспарға енген 26 елді мекенінің бәріне газ тартылып, оған 120 мыңға жуық тұрғын қол жеткізеді.

Жительница села Аулиеагаш готовит баурсаки на газовой плите

Жетісу облысының Панфилов ауданындағы төрт ауылға — Әулиеағаш, Ақжазық, Аққұдық және Шолақайға газ жетті. Шекаралас ауданның 9 мыңға жуық тұрғыны газға қол жеткізді. Бұл туралы Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осылайша ауданда газ келген елді мекендер саны 16-ға жетті, олардың қатарында Жаркент қаласы да бар. Тағы екі ауылда желі құрылысы аяқталды, сегіз ауылда жұмыс жүріп жатыр. Оларды жыл соңына дейін кезең-кезеңімен газға қосады.

2026 жылдың соңына қарай Панфилов ауданында газдандыру жоспарына енген 26 елді мекеннің бәріне газ тартылуы тиіс. Онда 119,9 мың адам тұрады, тарату желілерінің жалпы ұзындығы — 682 шақырым. Тағы алты ауылдың жобалау-сметалық құжаттамасы дайын, ол жерлерде құрылысты келер жылы бастау жоспарланған.

Ауыл тұрғындары үшін газ көмір мен отын тасудан құтылу деген сөз. Үйі алғашқылардың бірі болып газға қосылған әулиеағаштық Қойшыбай Шалабаевтың айтуынша, бұрын оның отбасына бір жылыту маусымына шамамен 6 тонна көмір мен бір тоннаға жуық отын керек болған.

Жетісу облысы 2022 жылы құрылды. Әкімдік дерегіне қарағанда, ол кезде өңірде Талдықорғанды қоса алғанда небәрі бес елді мекенде газ болған. Содан бері 468,5 мың адам тұратын 115 елді мекен газдандырылды.

Талдықорған — Үшарал газ құбырының мерзімінен бұрын салынуы Сарқан, Ақсу және Алакөл аудандарын газдандыруды биылдың өзінде бастауға мүмкіндік береді. Халқы 133,9 мың адамды құрайтын 84 елді мекен бойынша келісімшарттар жасалды. Әкімдік жыл соңына дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің бәрін газға қосуды жоспарлап отыр. Бұл — 518 мың тұрғын, яғни облыс халқының 74 пайызы.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз