Қазақстандық ауыр атлет Аянат Жұмағали Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 77 келіге дейінгі салмақта 19-орынға тұрақтады. Ол қос сайыс қорытындысында 227 келі көтерді: жұлқа көтеруде – 101 келі, серпе көтеруде – 126 келі.
Әлем чемпионы атағын қытайлық Ян Цюся 265 келі (120+145) нәтижесімен жеңіп алды. Күміс жүлде оның отандасы Пэн Цуйтинге бұйырды – 262 келі. Қола медальді 2016 жылғы Олимпиада ойындарының жүлдегері, мысырлық Сара Ахмед 258 келі нәтижесімен иеленді.
Әлем чемпионаты 27 қазаннан 8 қарашаға дейін өтеді. Бұл – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына апаратын алғашқы іріктеу турнирі. Келесі іріктеу сайысы желтоқсанда Дохада ұйымдастырылады. Нинбода Қазақстан намысын жеті ауыр атлет қорғап жүр. Олардың арасында екі қыз бар: Жұмағали және 86 келіден жоғары салмақта сынға түсетін Любовь Ковальчук.
Әзірге бұл чемпионатта Қазақстанға жалғыз медальді Нұрғиса Әділетұлы әкелді: ол 95 келіге дейінгі салмақта күміс алды, қос сайыстағы нәтижесі – 399 келі (182+217).
Қыркүйекте Жұмағали Жапонияда өткен Азия ойындарында күміс жүлдегер атанып, қос сайыста 246 келі (109+137) көтерген еді. Бұған дейін ол Ташкентте жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.



