Мазмұнға өту

Банктерге жыл сайын кибержаттығу өткізу міндеттелді

2027 жылы мұндай тексеруге барлық екінші деңгейдегі банк тартылуы тиіс, ал үш банк шифрлаушы бағдарлама шабуылын имитациялайтын пилоттық жаттығудан өтіп үлгерді.

Кибербезопасность финансовых организаций Казахстана

Қазақстандағы қаржы ұйымдары жылына кемінде бір рет кибершабуылға қаншалықты төтеп бере алатынын және іркілістен кейін жұмысты қалай қалпына келтіретінін тексеруге тиіс. Мұндай тексерудің қағидаларын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) басқармасының 2026 жылғы 30 қазандағы №151 қаулысымен бекітті. Құжат клиенттер күнделікті пайдаланатын жүйелерді де қамтиды: мобильді және интернет-банкинг, төлем сервистері, клиенттер дерекқоры.

Қағидаларда тексерудің үш түрі қарастырылған. Құжаттық тексеру ақпараттық қауіпсіздікке қатысты ішкі регламенттерді, жоспарлар мен рәсімдерді бағалайды. Функционалдық тексеру қызметкерлер мен бөлімшелердің дағдарыс кезінде келісіп әрекет етуге дайын екенін көрсетеді. Техникалық имитациялық тексеру нақты киберқатерлерді модельдеп, ұйымның шабуылды қаншалықты жылдам анықтайтынын, оған қалай жауап беретінін және маңызды жүйелерін қалпына келтіре алатынын сынайды.

Имитациялар бөлек сынақ ортасында өтеді, сондықтан жаттығу кезінде банктің жұмыс істеп тұрған жүйелері тоқтамайды. Сценарийлер өзекті қатерлер, технологиялық өзгерістер және бұрынғы тексерулердің қорытындысы ескеріліп құрылады.

Әр іс-шара төрт кезеңнен тұрады: жоспарлау, дайындық, өткізу және нәтижені талдау. Инцидентті анықтау мен жүйені қалпына келтіру уақыты, бөлімшелердің өзара іс-қимылы, рәсімдердің сақталуы, басшылық пен реттеушіге уақтылы хабарлау және қабылданған шешімдердің негізділігі бағаланады. Қорытындысында ұйым анықталған кемшіліктер мен оларды жою мерзімі көрсетілген есеп тапсырады, содан кейін түзетулер қайта тексеріледі.

Агенттік жаттығуларға бақылаушы әрі бірлескен ұйымдастырушы ретінде қатысады. Реттеушінің айтуынша, тексерудің басты мақсаты – санкция салу емес, әлсіз тұстарды табу: нәтижелер жүйелік тәуекелдерді анықтау және қадағалауды жетілдіру үшін пайдаланылады.

Пилоттық кибержаттығудан екінші деңгейдегі үш банк өтті. Сценарий бойынша шифрлаушы бағдарлама маңызды активті зақымдады, ал банктер оны сынақ стендінде резервтік көшірмеден қалпына келтіруі керек болды. Үш банк те тапсырманы орындап, қалпына келтірудің мақсатты көрсеткіштеріне жетті. 2027 жылы жаттығуға барлық екінші деңгейдегі банкті тарту жоспарланып отыр.

Жаңа қағидалар қаржы нарығын жетілдіру және цифрландыру туралы 2026 жылғы 23 шілдедегі заңды іске асыру үшін әзірленді. Деректерді қорғау мәселесі Қазақстанда әлі де өзекті: airpres.kz биыл елде қандай кибершабуылдар мен деректер жылыстауы тіркелгенін егжей-тегжейлі талдаған.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз