Мазмұнға өту

Қарсыласы ауырып, Төленовтың RCC-дегі жекпе-жегі болмайды

Octagon лигасының бұрынғы чемпионы 2025 жылғы қазаннан бері шаршы алаңға шықпаған, сондықтан бұл кездесу оның бір жылдық үзілістен кейін оралуы болуға тиіс еді.

Казахстанский боец ММА Дамир Толенов

«Қазақ Сехудосы» атанған қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Дамир Төленов (13-1) Ресейдің RCC лигасындағы алғашқы жекпе-жегін өткізбейді. Оның ресейлік Вальмир Галиевпен (12-2-1) кездесуі 7 қарашада Екатеринбургте RCC Intro 40 турнирінде өтуге тиіс еді. Төленов Instagram-да қарсыласы ауырып қалғанын, оның орнына басқа спортшы табылмағанын хабарлады.

Бұл жекпе-жек турнир кардында рейтингтік кездесу ретінде белгіленген еді. Қазақстандықтың дебюті қашан өтетіні және қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.

Төленов ең жеңіл салмақта өнер көрсетеді, кәсіпқой мансабында бар болғаны бір рет жеңілген. Лақап атын ол америкалық Генри Сехудоның құрметіне алған. Сехудо – еркін күрестен олимпиада чемпионы әрі UFC-дің екі салмақ дәрежесіндегі бұрынғы чемпионы. RCC – аралас жекпе-жек пен бокстан турнир ұйымдастыратын екатеринбургтік ұйым.

Төленов RCC-мен келісімшартқа қазан айында қол қойған. Оған дейін ол барлық жекпе-жегін қазақстандық Octagon лигасында өткізіп, оның чемпионы атанған: 2022 жылғы тамызда Дархан Скаковты мерзімінен бұрын жеңіп, титулды иеленді. Жалғыз жеңілісін 2023 жылғы қыркүйекте бразилиялық Клаудеси Бриту ди Соузадан көрді. Соңғы рет 2025 жылғы 29 қазанда Octagon 80 турнирінде шығып, бразилиялық Кайке Аленкарды бірінші раундта берілуге мәжбүр етті. RCC-де өзге қазақстандықтар да өнер көрсетеді: мысалы, Торғынбек Әміров Челябіде RCC Hard белбеуін нокаутпен қорғап қалды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз