Парагвай президенті Сантьяго Пенья 5 қарашада Ueno Bank цифрлық банкі күйрегеннен кейін отставкаға кететінін жариялады. Банк дағдарысы салдарынан жүздеген мың салымшы, оның ішінде зейнеткерлер де жинағына қол жеткізе алмай отыр. Пенья X әлеуметтік желісінде бейнеүндеу жариялады, кейін Сенат пен Конгресс төрағасы Басилио Нуньеске екі беттік отставка хатын тапсырды. Президент бұл шешімді елдегі тұрақтылықты, қоғамдағы тыныштықты және демократиялық институттарды сақтау үшін қабылдағанын айтып, азаматтардан кешірім сұрады.
Отставка әзірге күшіне енген жоқ. Конгресс бірлескен отырыста оны қабылдап, вице-президент Педро Альянаны ант бергізуі тиіс еді. Алайда билеуші «Колорадо» партиясының депутаттары залдан шығып кетті, кворум жиналмай, отырыс өтпей қалды. Осы кезде Асунсьондағы парламент ғимараты алдында салымшылар наразылық білдірді, жергілікті БАҚ полициямен қақтығыс болғанын хабарлады.
Парламент импичмент рәсімін жалғастырды. Депутаттар палатасы Пеньяға тағылған айыпты 78 дауыспен қолдады, қарсы дауыс болған жоқ. Ал Альянаға қатысты айыпты 30 дауысқа қарсы 48 дауыспен қабылдамады. Бейсенбі күні кеш батқанда Сенат алғашқы отырысын өткізіп, президентке айыптарды табыс етті. Пенья қорғаныс уәждерін 6 қараша, жұма күні жергілікті уақытпен сағат 10:00-де (Астана уақытымен 18:00-де) ұсынуы керек. Президентті қызметінен босату үшін 45 сенатордың кемінде 30-ы дауыс беруі қажет.
Пенья X желісінде Сенатқа келіп, қорғану құқығын пайдаланатынын жазды: «Шешімді алдын ала жариялап қойсаңыздар да, мен бұл құқығымды пайдаланамын». Ол сот процесінің нәтижесіне қарамастан салымшыларға төлемді тоқтатпауды сұрады. Пенья қызметінен босатылса немесе Конгресс отставканы қабылдаса, оның орнына Альяна келіп, мерзімді 2028 жылғы 15 тамызға дейін аяқтайды. Іс қалай аяқталатыны Пеньяның өз болашағына да әсер етеді: конституцияның 189-бабына сәйкес бұрынғы президенттер импичмент тәртібімен қызметінен босатылмаса, өмірлік сенатор болады.
Дағдарыс осы аптада Парагвай Орталық банкі Ueno Bank-ті реттеу рәсімін бастағаннан кейін басталды. Реттеушінің мәліметінше, банктің төлем қабілеттілігі көрсеткіші заңдағы ең төменгі деңгейдің жартысынан да төмен түсіп кеткен. Халқы 6 миллионнан сәл асатын елде Ueno-ның 2,9 млн клиенті бар. Мемлекеттік әлеуметтік қамсыздандыру институты IPS банкке шамамен 355 млн доллар, яғни өз портфелінің 9%-ға жуығын салған. Депозиттерге кепілдік беру қоры әр салымшыға 75 ең төменгі жалақыға дейін, яғни шамамен 38,6 мың доллар өтейді, алғашқы төлем 10 млн гуараниге (шамамен 1,7 мың доллар) дейін болады. Банктің бірнеше басшысы ұсталды, олардың арасында Vázquez тобының басшысы Федерико Мигель Васкес бар.
Экономист, бұрынғы қаржы министрі Пенья елді 2023 жылғы тамыздан бері басқарып келеді. Ол 2019 жылдан 2025 жылғы сәуірге дейін Vázquez тобымен бірге Ueno Holding акционері болған, кейін өз үлесін сатқанын хабарлаған. Президент мүдделер қақтығысы туралы айыптарды жоққа шығарып, оны медиа науқан деп атайды. Осы аптада ол 2023 жылға дейін Ueno қаржы компаниясын басқарған Орталық банк басшысы Карлос Карвальоның отставкаға кетуін талап етті. «Колорадо» партиясының жетекшісі, бұрынғы президент әрі Пеньяның бұрынғы саяси демеушісі Орасио Картес импичментті қолдағаннан кейін президенттің жағдайы күрт әлсіреді. Партия мемлекеттік және жеке қаражатты, зейнеткерлердің ақшасын талан-таражға салуды жақтамайтынын мәлімдеді.



