Жасанды интеллект арқылы бейне мен сурет жасайтын әрі оларды өңдейтін Higgsfield платформасының негізін қалаушылардың бірі және басшысы Алекс Машрабов Қазақстан азаматтығын алды. Бұл туралы жарлыққа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 30 қазанда қол қойған. 6 қарашада бұл жаңалықты Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев хабарлады.
Мадиев Instagram парақшасында Машрабовпен бірге түскен суретін жариялап, оған Қазақстан төлқұжатын табыстағанын айтты. Министрдің сөзінше, Президент жасанды интеллектіні дамытуға және талантты адамдарды қолдауға ерекше көңіл бөледі. Мемлекет болашақ технологияларын жасап жүрген адамдардың өз жоспарын Қазақстанмен байланыстырғанына мүдделі. Мадиев Машрабовтың жетістігін «жастарымыз үшін күшті үлгі» деп атады. Оның пікірінше, бұл әлемдік деңгейдегі технологияларды Қазақстанда отырып жасауға болатынын көрсетеді.
Forbes компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлағандай, Машрабов Қазақстанды өз үйі деп атап, Президентке сенім білдіргені үшін алғыс айтқан. Ол сондай-ақ Astana Hub технопаркінің қолдауын және қазақстандық инженерлердің біліктілігін атап өтті.
Higgsfield компаниясын 2023 жылы Алекс Машрабов пен Ерзат Дулат құрды. Компанияның инженерлік орталығы Алматыда орналасқан. Оны алғашқы қазақстандық «жалғызмүйіз» деп атайды – құны 1 млрд доллар және одан жоғары бағаланған стартаптар осылай аталады. 2026 жылғы тамызда Higgsfield 400 млн доллар инвестиция тартып, құны 5,4 млрд долларға жетті. Қыркүйекте компания қазіргі қарқынмен есептегенде жылдық табысы 1 млрд доллардан асқанын хабарлады. Компания дерегінше, сервисті 238 ел мен аумақта 40 миллионнан астам адам пайдаланады. Бұған дейін стартапқа NVIDIA инвестиция салған.
Машрабов Higgsfield-ке дейін AI Factory компаниясының негізін қалаушылардың бірі болған. Бұл компания адамдардың беті түсірілген фотосуреттер мен бейнелерді «жандандыратын» технологиялар әзірледі. Оларды Snapchat-тағы Cameos функциясы мен бет маскаларында қолданған. 2019 жылы Snap Inc. AI Factory-ді 166 млн долларға сатып алды.



