Қазақстанда құрылыс және жобалау компанияларының лицензиялық талаптарға сай келетін-келмейтіні автоматты түрде тексеріледі. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Лицензиаттардың автоматтандырылған тізілімін таныстырды, оны 2026 жылғы қарашада сынақ режимінде іске қосу жоспарланған.
Жүйені «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының алаңында министрліктің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Рысдавлетов таныстырды.
Тізілім лицензиаттар туралы мәліметтерді мемлекеттік ақпараттық жүйелердің деректерімен салыстырады. Компанияда біліктілік талаптарында көрсетілген білікті мамандар мен өндірістік база бар-жоғы тұрақты бақыланады. Яғни тексеру лицензия алған сәтпен шектелмейді.
Министрлік дерегінше, қазір елде құрылыс саласында 80 мыңға жуық лицензия тіркелген. Алайда лицензияның өзі компанияның сапалы жұмыс істеуге нақты мүмкіндігі бар екенін дәлелдемейді.
Тізілім іске қосылған соң тапсырыс берушілер мердігерді лицензиясына ғана емес, нақты мүмкіндігіне, тәжірибесі мен жұмыс нәтижесіне қарап бағалай алады. Ведомство бұл нарықты ашық етіп, сапасыз құрылыс пен нысандарды пайдалануға беру мерзімінің кешігу қаупін азайтады деп күтеді. Адал компаниялар үшін қатысу шарттары да теңесе түспек.
Мемлекет басшысы Жолдауында құрылыс пен инфрақұрылымды жаңартуды басты басымдықтардың бірі деп атаған. Осы уақытқа дейін лицензиаттардың заң бұзушылығы негізінен жоспардан тыс тексерулерде анықталып келді. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдың тоғыз айында тоғыз компания құрылыс лицензиясынан айырылып, тағы 133 лицензияның қолданылуы тоқтатылды.



