Украина президенті Владимир Зеленский Киевтің жөндеу қызметтерінен жұмысты жеделдетуді талап етті. Бұған дейін, 4 қарашада кешке жарықсыз қалған астана тұрғындары қаланың бірнеше жерінде бір мезгілде жолды жауып тастаған. «Жөндеуді асықпай, баяу жүргізуге болмайды», – деді ол 5 қарашада кешке көрсетілген ТСН телеарнасына берген сұхбатында. Ресей электр станциялары мен желілерге қатарынан соққы бергеннен кейін Киев Украина энергожүйесіндегі ең ауыр нүктеге айналды.
Зеленскийдің айтуынша, жарықтың ұзақ уақыт болмауының бір себебі – зақымданған энергонысанда жұмысшылар жетіспеген. Президент премьер-министрге және ішкі істер министрі Игорь Выговскийге хабарласқан. Содан кейін полиция электриктер бригадаларын тез тауып, орнына жеткізген. Зеленскийдің сөзінше, «бәрі жұмыс істей бастады», адамдар тарап кетті. Ол нысандарда еңбек етіп жатқан энергетиктерге алғыс айтты, бірақ жол жабу «шешім емес» екенін ескертті.
Президент астанадағы жағдайдың неліктен ең күрделі екенін де түсіндірді. Ресей әскері электр станциялары мен тұтынушыларды байланыстыратын желілерді әдейі атқылап жатыр, сондықтан Киев қажетті көлемдегі электр қуатын ала алмай, тарата алмай отыр. Қаланы сумен қамтитын «Киевводоканал» коммуналдық кәсіпорны да сынға ұшырады. Зеленскийдің сөзінше, басшылықты ауыстыру керек болса, ауыстыру қажет, ал тәулік бойы жұмыс істейміз деген уәде жеткіліксіз.
5 қарашадағы оқиғалар да осындай бағаға себеп болды. Киев уақытымен шамамен 13:30-да (Астана уақытымен 16:30-да) «Киевводоканал» өз нысандарында электр өшіп қалғандықтан астананың барлық ауданында су жоғалғанын немесе қысымы әлсірегенін хабарлады. Киев уақытымен 15:13-те (Астана уақытымен 18:13-те) Киев мэрі Виталий Кличко су қысымы біртіндеп қалпына келіп жатқанын айтты. Күндіз кернеудің құбылуынан Днепрдің екі жағалауын жалғайтын метро желісі уақытша тоқтады. Қала әкімшілігінің мәліметінше, пойыздар шамамен 13:05-те қайта жүре бастады, бірақ әдеттегі үш-бес минуттың орнына тоғыз минут сайын қатынады. 4 және 5 қарашада Киевтің бір бөлігі мен Киев облысында жарық қайтадан шұғыл өшірілді.
Kyiv Independent басылымының жазуынша, «Киевводоканалдың» ірі сорғы станцияларына арналған резервтік генерациясы жоқ, ал шағын станциялардағы дизель генераторлары үлкендерін іске қосуға қуаты жетпейді. Сондықтан желідегі кернеу төмендеген сайын миллиондаған адамның суы бірден үзіледі.
Қазіргі дағдарыс – Ресейдің энергетикаға қарсы лаңкестігінің тікелей салдары. 3 қарашада Ресей Украинаға ондаған зымыран мен дрон жіберіп, жыл басынан бері энергетика нысандарына ең ірі соққы жасады. Одан кейін Киев бір тәуліктен астам сусыз қалды, ал ДТЭК-тің үш жылу электр станциясы қатты зақымданып, жұмысын тоқтатты. 2026 жылғы қаңтарда да Ресейдің соққылары астанадағы үш жылу электр орталығының генерациясын істен шығарған. Бейбіт тұрғындардың жарығы, жылуы мен суы тәуелді электр станцияларына соққы беру – Ресей жыл сайын күз бен қыста қайталайтын әскери қылмыс.
Зеленский астанадағы ауыр жағдай туралы 5 қарашада Испания премьер-министрі Педро Санчеспен кездесуде де айтты. «Жағдай күрделі, әсіресе Киевте, сондықтан гуманитарлық қолдаудың әр қадамы да өте маңызды», – деді Украина президенті.



