Астанада тұрғын үйдің подъезі алдында қарт кісі мен 41 жастағы әйелге шабуыл жасады деген күдікпен 28 жастағы ер адам ұсталды. Полицияның мәліметінше, ол мас күйде болған.
Әлеуметтік желіде тараған видеода ер адам подъезден шығып, кіреберісте отырған зейнеткердің бетінен ұрады, сосын оған араша түспек болған әйелдің соңынан қуады. Полицияның нақтылауынша, әйел де соққы алған, ал қарт кісі дене жарақатын алды.
«Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», — деді Астана қаласы полиция департаментінде. Ведомство азаматтарға қатысты кез келген зорлық-зомбылық пен агрессияға жол берілмейтінін және оның заң бойынша жауапкершілікке әкелетінін ескертті.
Ұстау туралы хабарламаны Астана қаласы полиция департаменті Instagram-да жариялады.
Ресми хабарламада шабуылдың нақты күні айтылмаған, видео желіде 5 қарашада пайда болды.



