Қазақстанның әйелдер құрамасының көшбасшысы Назым Қызайбай ел чемпионатының алтынынсыз қалды. 6 қарашада Таразда өткен 54 келіге дейінгі салмақтағы финалда ол шымкенттік Элина Базароваға төрешілердің екіұдай шешімімен 2:3 есебімен жеңілді. Базарова ел чемпионы атанды, ал Алматы атынан шыққан Қызайбай күміс медаль алды.
Қызайбай – үш дүркін әлем чемпионы, 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері және 2024 жылғы Азия чемпионы. Ол ел чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеткен. Базарова да құрамаға шақырылып жүр: 2026 жылы Моңғолияның Ұлан-Батор қаласында өткен Азия чемпионатында ол 1/8 финалға дейін жетті.
Қазақстан чемпионаты Таразда 30 қазаннан 6 қарашаға дейін өтті. Оған 20 өңірден 369 боксшы қатысып, әйелдер мен ерлер арасында он салмақ дәрежесі бойынша медаль сарапқа салынды. Финалдық күні 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева чемпион атанды, ал 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева жеңіске жетті.
Бұл – Қызайбай үшін маусымдағы тағы бір сәтсіздік. 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында ол алғашқы жекпе-жегінде, 1/8 финалда жеңіліп қалды. Бұған дейін маусымда қазақстандық боксшы Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогы кезеңінде топ жарған.



