Перзентханалар, балалар стационарлары мен жедел медициналық жәрдем станцияларының 235 басшысы мен орынбасарының 47-сі кәсіби құзыреттілікке аттестацияның алғашқы кезеңі — тестілеуде өту балын жинай алмады. 2 қарашадағы аралық қорытындыны Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі жариялады.
Тесттен 188 адам, яғни қатысушылардың 80%-ы сәтті өтті. Өте алмағандардың 25-і — басшы, 22-сі — орынбасар. Тағы 27 адам тестілеуге келмеген. Бірінші кезеңге 15 өңірдің өкілдері қатысты, бұл аттестациядан өтуге тиіс адамдардың 72,1%-ы.
Тесттен өтпегендер ең көп Ақмола, Маңғыстау және Қостанай облыстарында: сәтсіз нәтижелердің 55,3%-ы осы үш өңірдің үлесінде. Астана мен Павлодар облысында барлық қатысушы өту балын жинады.
Аттестация қағидаларына сәйкес тестілеуден өтпегендер екінші кезең — әңгімелесуге жіберілмейді және аттестацияны алты айдан кейін қайта тапсыра алады. Министрлік бұл көрсеткіштердің алдын ала екенін атап өтті: тестілеу 2026 жылғы желтоқсанның соңына дейін жалғасады.
Аттестация 14 қазанда басталды және тек бірінші басшылар мен олардың орынбасарларына қатысты — дәрігерлер мен мейірбикелер оны тапсырмайды. Тестте кәсіби білім мен басқарушылық дағды тексеріледі: медициналық ұйымның жұмысын ұйымдастыру және ресурстарды тиімді пайдалана білу. Министрлік басшылардың біліктілігі медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігіне, қызметтің уақтылы көрсетілуіне тікелей әсер ететінін айтады.



