Жоғары аудиторлық палата газ саласынан 24,1 млрд теңгенің қаржылық бұзушылығын анықтады. Ұлттық ресурстардың газ саласын дамытуға қаншалықты тиімді пайдаланылатынын бағалаған аудит нәтижелері Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен палата отырысында қаралды.
Аудиторлар тағы 18,2 млрд теңгені бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау және пайдалану деп бағалады. Тексеру барысында бюджетке 59,4 млн теңге қайтарылды, ал 20,2 млрд теңгенің бұзушылығы есепті түзету және жұмыстарды орындау арқылы жойылды. Тексерілген барлық ұйымға тапсырма берілді. Палата олардың орындалуын бұзушылықтар толық жойылғанша бақылауда ұстайды.
Аудиттің басты қорытындысы — ішкі нарыққа арналған тауарлық газ өндіру халық пен экономиканың қажеттілігінен баяу өсіп келеді. Елдегі газдың болжамды қоры 3,8 трлн текше метр, ал 2022–2025 жылдары жалпы өндіріс 239,5 млрд текше метрге жетті. Ішкі нарық әлі де жер қойнауын пайдаланушылардың шағын тобына тәуелді.
Газ сапасы да мәселе болып отыр. Палатаның деректерінше, тауарлық газ нормативке әрдайым сай келмейді. Соның салдарынан компрессорлық жабдық тез тозады, ал ұлттық оператор экспортқа кететін газға жеңілдік беруге мәжбүр.
Аудиторлар инфрақұрылымның жай-күйіне де назар аударды. Ұлттық оператордың кәсіпорындары 20 мың шақырымнан астам магистральдық газ құбырына және 77 мың шақырымға жуық тарату желісіне қызмет көрсетеді. Бұл нысандардың едәуір бөлігі нормативтік мерзімінен асып пайдаланылып жүр, ал жаңғырту мен жөндеу баяу жүргізілуде.
Стратегиялық жоспарлауға да ескерту айтылды. Саладағы бағдарламалық құжаттарда ішкі тұтынудың өсуі ресурстық базаны дамытумен және жаңа өңдеу қуаттарын іске қосумен үйлестірілмеген. Геологиялық барлау, жерасты газ қоймалары, цифрландыру және тәуекелдерді басқару бойынша көрсеткіштер мен шаралар жоқ. Ұлттық оператордың стратегиясында солтүстік өңірлерді газдандыруды қаржыландыру көздері мен ресурстарды тиімді басқару тетіктері айқындалмаған, ал IT-инфрақұрылым бұған дайын емес.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан халқын газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті: 2 240 елді мекендегі 13,1 млн адам табиғи газды пайдалана алады. Палата өңірлер арасындағы теңсіздікті жоюды және салынған желілердің пайдаланушы ұйымдарға уақтылы берілуін бақылауды күшейтуді ұсынды. Өңірлерде газдандыру жалғасып жатыр: осы аптада Панфилов ауданында 9 мыңға жуық тұрғын газға қосылды.



