Шымкенттік Абзал Серік 2026 жылғы бокстан Қазақстан чемпионатында 65 келіге дейінгі салмақта чемпион атанды. Ол 6 қарашада Таразда өткен финалда Париж Олимпиадасына қатысқан Түркістан облысының өкілі Мұхаммедсабыр Базарбайұлын төрешілердің бірауыздан шешімімен, 5:0 есебімен жеңді. Ұлттық құраманың боксшысы Базарбайұлы жарысты күміс медальмен аяқтады.
Бір күн бұрын Серік жартылай финалда 2025 жылғы IBA әлем чемпионатының қола жүлдегері Ертұған Зейнуллиновты жеңген. Базарбайұлы екінші жартылай финалда Жамбыл облысының өкілі Илья Калининді дәл сондай 5:0 есебімен ұтқан еді.
2026 жылдың көктемінде Бразилияда өткен World Boxing әлем кубогы кезеңінде Базарбайұлы 1/8 финалда даулы шешіммен жеңілген. 2024 жылғы Париж Олимпиадасында ол 63,5 келіге дейінгі салмақта ширек финалға жетіп, грузиялық Лаша Гурулиға есе жіберді. Сол кезде Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті бұл жекпе-жектің нәтижесіне апелляция берген болатын.
Ел чемпионатында құраманың басқа да көшбасшылары алтынсыз қалды. 55 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы Оразбек Асылқұлов жартылай финалда жеңілді. 90 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы әрі Азия чемпионы Сағындық Тоғамбай чемпиондық атағын Дәулет Төлемісовке берді. Таразда 30 қазанда басталған чемпионатқа 20 өңірден 369 боксшы қатысты.



