Алматы тауларында AG Tag жүйесі сынақтан сәтті өтті. Бұл — ұялы байланыс жоқ жерде адамның координатын құтқарушыларға жіберетін SOS батырмасы бар жеке маяк. Алты маршруттағы сынақ жүйенің жұмыс істейтінін растады, құрылғылардың алғашқы партиясы дайындалды. Бұл туралы Алматы қаласының әкімдігі хабарлады.
Құрылғы орналасқан жерді спутниктік навигация арқылы анықтап, оны радиоарна арқылы базалық станцияға жібереді. Ол үшін SIM-карта да, интернет те қажет емес. Деректер әр екі секунд сайын жаңарады. SOS батырмасын бір рет басқанда дабыл белгісі мен электрондық картадағы нүкте кезекшіге бірден түседі. Қазір байланыс қашықтығы 15 шақырымға дейін жетеді. Сигнал үзілсе, жүйе соңғы белгілі орынды сақтап қалады, ал базалық станция интернетсіз әрі ұялы желісіз дербес жұмыс істей алады.
Маякты Туристер, Панорама, Букреев, Фурманов шыңдарында және Үлкен Алматы көлі маңында, оның ішінде биік таулы аймақта әрі түрлі ауа райында сынады. Сынақтар қалалық құтқару қызметімен және ТЖМ-нің Республикалық жедел-құтқару жасағымен бірге өтті.
Құрылғыларды туристерге eGov Mobile арқылы QR-кодпен беру көзделіп отыр: адам маршрутын және қайтып оралатын уақытын тіркейді, жорықтан кейін маякты қайтарады. Ол үшін негізгі туристік аймақтарда — Алмаарасан, Аюсай, Медеу, Кімасар, Көкжайлау, Бутаковка және Шымбұлақта 12 беру пунктін ашу жоспарланған.
2026 жылдың соңына дейін жүйе туристер мен альпинистердің қатысуымен пилоттық режимде сыналады. Бұл жұмысқа Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Альпинизм федерациясы және қалалық визит-орталықтар қатысады. Болашақта технологияны Қазақстанның басқа туристік аймақтары мен шалғай аудандарына да енгізу мүмкін.
Жүйені AG Digital KZ компаниясы әзірлеген, жобаға Алматы қаласының Цифрландыру басқармасы қатысып отыр. Құтқарушылар қала тауларында жыл сайын мыңнан астам іздестіру-құтқару операциясын жүргізеді, ал көптеген маршрутта ұялы байланыс жоқ.



