Қазақстандық ауыр атлет Артем Антропов Қытайдың Нинбо қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сегізінші орын алды. Ол 6 қарашада жұлқа көтеруде 167 келі, серпе көтеруде 226 келі көтеріп, қос сайыс қорытындысында 393 келі жинады.
Әлем чемпионы атағын 432 келі (198 + 234) нәтижемен Өзбекстан өкілі Ақбар Жураев жеңіп алды. Күміс медаль ирандық Әлиреза Насириге бұйырды – 418 келі (185 + 233). Қола жүлдені түрікменстандық Шахзадбек Матякубов иеленді. Оның нәтижесі – 417 келі (187 + 230), яғни күміс жүлдегерден небәрі бір келі кем. Жураев – Токио Олимпиадасының чемпионы. Қыркүйекте ол Жапониядағы Азия ойындарында әлем рекордын жаңартып, жеңіске жеткен.
Нинбодағы әлем чемпионаты 27 қазаннан 8 қарашаға дейін өтеді. Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті бұл жарысты 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеудің алғашқы ресми кезеңі деп атаған. Турнирде Қазақстан намысын жеті ауыр атлет қорғап жүр.
Қарағандыда туған 26 жастағы Антропов 2024 жылы Бахрейнде өткен әлем чемпионатында 102 келіге дейінгі салмақта чемпион атанған. 2025 жылы ол осы салмақта Азия чемпионатының күміс жүлдесін алды. Жаздағы Азия ойындарына спортшы құраманың өзге де көшбасшыларымен бірге қатыспады.
Бұған дейін Нинбодағы әлем чемпионатында Нұрғиса Әділетұлы 95 келіге дейінгі салмақта күміс алды, ал Аянат Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақта 19-орынға тұрақтады.



