Украинаның оңтүстік-шығысындағы Запорожье облысы Комышуваха кентінде Ресейдің басқарылатын авиабомбалары соққан жерасты мектебінде қаза тапқандар саны 53-ке жетті. Бұл туралы 6 қарашада, жұма күні Украина ТЖҚ мен Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Михаил Семикин хабарлады. Сол күні таңертең құтқарушылар 50 адамның қаза тапқанын айтқан еді. Kyiv Independent пен Associated Press келтірген билік деректеріне қарағанда, тағы бірнеше ондаған адам әлі де хабарсыз кеткен болып саналады.

Ресей әскері Комышувахаға 2 қарашада таңертең соққы берді. Сол кезде жерасты мектебінде мұқтаждарға көмек көрсететін пункт жұмыс істеп тұрған: адамдар онда гуманитарлық көмек пен нан алуға келген. Украина билігінің деректері бойынша, кентке оншақты бомба тасталған, олардың арасында ФАБ-500 және ФАБ-3000 бар. ФАБ-3000 бомбасында бір жарым тоннаға жуық жарылғыш зат болады. Қираған баспанаға полицейлер мен құтқарушылар жеткенде, басқыншылар тағы соққы жасады. Қаза тапқандардың арасында төрт полицей мен ТЖҚ-ның екі қызметкері бар.
Кент майдан шебінен шамамен 20 км жерде орналасқанына қарамастан, жұмыс тоқтаған жоқ. Құтқарушылар опырылып түскен бетон құрылымдарды бөлшектеп, үйінділерді тексеріп жатыр. Запорожье облыстық әскери әкімшілігінің өкілі Александр Коваленко Kyiv Independent басылымына айтқандай, олар бір мезетте тек 15–20 минут қана жұмыс істей алады. Одан кейін ресейлік дрондар мен жаңа әуе соққысының қаупіне байланысты шегінуге мәжбүр. Кейбір денелер қатты зақымданғандықтан, оларды анықтау үшін туыстарынан ДНҚ үлгілері алынып жатыр.
Төменде – Украина ТЖҚ-ның 6 қарашада жариялаған жазбасы. Онда Комышувахадағы мектеп үйінділерін аршу жұмысы көрсетілген.
Билік деректері бойынша, ауруханада төрт зардап шегуші жатыр: үш бейбіт тұрғын және бір құтқарушы. Олардың ішінде ең ауыры – мина-жарылыс жарақатын алып, денесінің 81 пайызы күйген 22 жастағы әйел. Хабарсыз кеткен деп саналғандардың бәрі бірдей қаза таппаған: полиция жеті адамды тапты. Солардың бірі – 56 жастағы Ольга. Оны 5 қарашада аман-есен тапқан.
Кентті жақсы білетін Украина Қарулы күштері Халықаралық легионының бір әскери қызметшісі Kyiv Independent басылымына мектепті әскерилер көптен бері пайдаланбағанын айтты: «Бұл мүлдем азаматтық пункт еді». Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын Комышуваха тіршілігі қайнаған кент болған. Толық ауқымды басқыншылыққа дейін онда 5 мыңдай адам тұрған. Александр Коваленконың бағалауынша, қазір онда 500-дей адам қалған, олардың көбі – 50 жастан асқандар.
Украина президенті Владимир Зеленский әлемнің үнсіз қалғанын сынады: «Бұл туралы әлемнің бәрі дерлік үндемей отыр». Нан алуға келген адамдарға соққы беру және құтқарушыларға қайта шабуыл жасау – әскери қылмыс. Бұл Ресейдің соңғы айлардағы Украинаның бейбіт тұрғындарына жасаған ең қанды лаңкестік шабуылдарының бірі.
Қаза тапқандар саны күн сайын өсті: 2 қарашада кешке ТЖҚ 26 адамның қаза тапқанын хабарлады, 3 қарашада – 31, 4 қарашада – 40, 5 қарашада – 42 және 43 адам. 6 қарашада таңертең құтқарушылар қаза тапқандар саны 50-ге жеткенін, кейінірек 53-ке жеткенін хабарлады. Қайғылы оқиғадан кейін Запорожье облысында үш күндік аза жарияланды. Ресей Комышувахаға Херсон облысындағы басып алынған Олешки маңындағы алты күндік бітім аяқталғаннан кейінгі күні бомба тастады. Сол бітім кезінде қаладан 800-ге жуық бейбіт тұрғын шығарылған еді.



