Мазмұнға өту

Айнегов жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстанға қола әперді

Қазақстандық триатлоншы жапониялық Дайки Нисидзакимен бірдей уақыт көрсетіп, үшінші орынды онымен бөлісті, ал жеңімпаздан 14 секунд қана қалып қойды.

Рамазан Айнегов, бронзовый призёр юношеской Олимпиады в Дакаре по триатлону

Қазақстандық триатлоншы Рамазан Айнегов 5 қарашада Сенегал астанасы Дакарда өтіп жатқан IV жазғы Жасөспірімдер Олимпиада ойындарында қола медаль жеңіп алды. Бұл – Қазақстан құрамасының Ойындардағы екінші жүлдесі.

Ерлер арасындағы жарыс Дакардың оңтүстігіндегі Сали курортының жағажайында спринт форматында өтті: спортшылар мұхитта 750 метр жүзіп, велосипедпен 20 шақырым жүріп, 5 шақырым жүгірді. Португалиялық Артур Гашпар 53 минут 13 секунд нәтижемен жеңіске жетті, екінші орынды Люксембург спортшысы Эмиль Ванольст иеленді (53:23). Айнегов пен жапониялық Дайки Нисидзаки мәреге бірдей уақытпен – 53:27-де жетіп, үшінші орынды бөлісті.

Ерлер жарысына 32 елден 16–17 жастағы 32 триатлоншы қатысты: әр ұлттық олимпиада комитеті тек бір спортшыны ғана тіркей алды. Дакардағы Жасөспірімдер Олимпиада ойындары 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтіп жатыр. Бұл – Африка тарихындағы алғашқы олимпиадалық жарыс.

Дакарда Қазақстанға алғашқы медальді 52 келіге дейінгі салмақта топ жарған дзюдошы Фатима Супығалиева әкелді. Ашылу салтанатында ол Ағабекпен бірге Қазақстан туын ұстады. Ойындарда ел намысын 11 спорт түрі бойынша 18 спортшы қорғап жүр.

Айнегов Дакарға Азиядағы жасөспірімдер триатлонының көшбасшыларының бірі ретінде келді. Маусымда ол Қытайдың Сюйчжоу қаласында суперспринттен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатын ұтты, ал 2025 жылы Бахрейнде өткен Азия жасөспірімдер ойындарының күміс жүлдегері атанды. Тамызда қазақстандық Түркістанда өткен Азия кубогының жастар арасындағы кезеңінде де топ жарды.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз