Оразбек Асылқұлов 5 қарашада Таразда өтіп жатқан бокстан Қазақстан чемпионатының жартылай финалында жеңіліп қалды. 55 келіге дейінгі салмақта Ақмола облысының намысын қорғаған боксшы Жетісу облысынан шыққан Әділбек Қожаханға есе жіберді: бес төрешінің бәрі қарсыласының жеңісін берді. Қожахан финалға шықты, ал Асылқұлов қола медаль алды.
Асылқұлов – қазіргі әлем және Азия чемпионы. Ол 2025 жылғы желтоқсанда Дубайда Халықаралық бокс қауымдастығы (IBA) өткізген әлем чемпионатында 57 келіге дейінгі салмақта топ жарып, финалда Тәжікстан боксшысын жеңген. 2026 жылы қазақстандық 60 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы атанды.
Таразда тағы бір ел чемпионы финалға жете алмады. 50 келіге дейінгі салмақта өткен жолғы Семейдегі чемпионатта топ жарған Батыс Қазақстан облысының боксшысы Даниял Сабит Жамбыл облысынан шыққан Нұрзат Оңғаровқа төрешілердің 2:3 есебіндегі шешімімен жеңілді. Финалда Оңғаров Жетісу облысының өкілі Диас Берікбаймен кездеседі. Қазақстан чемпионаты 6 қарашада аяқталады.
Бұл – Асылқұловтың осы күзгі екінші күтпеген жеңілісі. Жапониядағы Азия ойындарында ол алғашқы жекпе-жегінде-ақ сыртқа шығып қалды: 1/8 финалда оңтүстіккореялық Чан Дон Хванға төрешілердің 1:4 есебіндегі шешімімен жол берді. Асылқұлов алтын алған 2026 жылғы Ұлан-Батордағы Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы медаль саны бойынша бірінші орынға шықты.



